Таңның атысымен жұрттың жаппай ауруханаға ағылғанан дәрігерлердің өздері таңғалды. Бүгін, әсіресе, травматологтардың жұмысы қыза түскен. Оралдықтардың алды таңғы сағат тоғызда келсе, соңы әлі көрінер емес. Себебі оқуы мен жұмысына жете алмай, орта жолдан ауруханаға беттеген жандар көп.
Любовь Подгорная, Орал қаласының тұрғыны:
- Мұз бетімен келе жатып аяғым тайып кетті. Арқаммен құлап, сүйегімнің сынғанын сездім. Ұзақ қозғала алмай жатып, кейін орнымнан әрең тұрдым.
Уақыт өткен сайын жағдай ушыға түсуде. Қол-аяғы сынған жандар шыдай алмайды. Дәрігерлер сылбыр сылбыр қимылдап жатыр деген науқастар да табылды.
Салтанат Бекқалиева, Орал қаласының тұрғыны:
- Бүгінгі жағдай оңай емес. Көшенің барлығы көк мұз. Дәгірерлер санын көбейтіп, шұғыл қызметті қосуға да болар еді ғой! Бұнысы дұрыс емес.
Алдын-ала дайындық жұмыстарын жүргізу мүмкін емес екендігін алға тартқан дәрігерлер әр науқасты мұқият тексеру қажет дейді. Себебі асығыстық танытқан жағдайда ауруы асқынып, кейін шағымдануы мүмкін. Сондықтан олар әр адамды кемінде 30 минут қарайды.
Құттымұрат Жақсығалиев, БҚО клиникалық ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі:
- Қазір үшінші дәрігер іске кірісті. Рентген бөлмесінің екіншісі іске қосылды. Қолымыздан келгенін жасап, медициналық көмек көрсетілуде.
Оралдықтардың осындай күйге түсуіне табиғаттың тосын сыйы себеп болған. Яғни алдымен аяздың беті қайтып, жаңбыр жауды. Кейін температура қайтадан күрт төмендеп жердің барлығы көк тайғаққа айналған. Салдарынан үш сағаттың ішінде қол-аяғы сынған 28 адамға көмек көрсетілсе, тағы 20-сы кезекте тұр. Дәрігерлер олардың саны әлі де артуы мүмкін дейді.
Loading...