Оралда Азиадаға арналған эссе байқауы мәреге жетті

Оралдағы www.infoportal.kz ақпараттық порталы облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерін біріктіретін «Жайық Пресс» ЖШС-мен бірлесіп ұйымдастырған байқау қорытындысында қазақ тілінде эссе жазудан «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанаты атқарушы хатшысының орынбасары Дархан Қадырәлиев, орыс тіліндегі бәйгеден Жаңақала ауданы орталығында тұратын 10-сынып оқушысы Әйгерім Өтешқалиева көп дауысты иеленіп, бірінші орынды жеңіп алды. Сөйтіп Азиада жолдамасын еншілеген Дархан Астанаға, Әйгерім Алматыға жол тартатын болды.

«Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллиннің айтуынша, Азия ойындарын халық арасында кеңінен насихаттауға бағытталған аталмыш байқауға барлығы 15 батысқазақстандық қатысқан. Азиадаға арналған қалған екі байқау (спорттық викторина мен балалардың ашық сурет байқауы) кейін қорытындыланатын болады.