Облыстық мұражайдан Айсұлу Нысанованың хабарлағанындай, көрмеге облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорындағы мұрағат құжаттарының көшірмелері мен фотосуреттер қойылды. Олардың ішінде Сейітқали Меңдешевтің және отбасының бұрын еш жерде жарияланбаған фотосуреттері бар. Сонымен бірге қайраткердің өмірі мен қызметін зерттеген ғалым, тарихшы Мұстафа Ысмағұловтың қолжазбалары да көрерменге ұсынылды.
Нарын құмында дүниеге келген Сейітқали Меңдешев Қазан мұғалімдер семинариясын бітіргеннен кейін 13 жыл мұғалім болды. 1911 жылы «Қазақстан» газетін, 1919 жылы «Мұғалім» журналын шығаруға қатысқан, кеңес үкіметінің алғашқы жылдары РСФСР Кеңхалкомы жанындағы ВКР-ның Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару ісінің мүшесі мен оның төрағасының орынбасары болды. Қазақстан орталық атқару комитетінің тұңғыш төрағасы (1920-1925). Алматы мен Мәскеуде жоғары лауазымды қызметтер атқарды. 1937 жылы «халық жауы» жаласымен тұтқындалып, атылды.