Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Бейбіт Сүлейменовтің айтуынша, жұмыс берушілерден сұраныстар түсіп тұрады. Тек биылғы жылдың басынан бері он рет бос орындар жәрмеңкесі өткізілді. Жүздің үстінде адам өздеріне жұмыс тапты. Сонымен қатар жәрмеңкеде ұсынылған жұмыс бойынша адамдар қайта даярлауға оқуға жіберіледі. Қазір жұмыс берушілерден құрылысшы, аспаз, жүк тасымалы көліктерінің жүргізушісі, электрмен дәнекерлеушілер тағы басқа мамандықтарға сұраныс көп.
Таяуда «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесіп тағы бір бос орындар жәрмеңкесін өткізді.
Бос орындар жәрмеңкесіне қаладағы «Аяз», «Азиятехстрой», «Свит», «Стекло-сервис», «Уральскстройинвест», «Ақас» ЖШС-лары, «Талап» АҚ өкілдері қатысып, келушілерге 65 жұмыс орнын ұсынды.
«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлжан Мұхтарованың айтуынша, филиалдың қоғамдық қабылдау бөлмесіне жұмысқа орналасу мәселесімен адамдар жиі келеді. «Біз олардың талап-тілектерін мүмкіндігінше шешу үшін жұмыстанамыз. Қазір барлық жерде «Жұмыспен қамту - 2020», «Жастар тәжірибесі», «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламалары аясында осындай шаралар өткізіліп, көптеген адам өздеріне жұмыс табуда», - деді ол.