Оралда Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі онжылдық мерейтойын атап өтті

Оркестр ұжымын мерейтойымен облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен құттықтап, он жыл ішінде оның елеулі табыстарға қол жеткізгенін, соның ішінде 2008 жылы Астанада өткен халықаралық «Серпер» және Ақтөбедегі «Жұбанов көктемі-2008» фестивальдерінің лауреаты атанғанын, шетелде де өнер көрсетіп жүргенін атап өтті. Оркестр мен оның көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қырымгерей Қажымов, сондай-ақ республикалық Ш.Қажығалиев, Н.Тілендиев атындағы дирижерлар конкурсының лауреаты, композитор, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Еркін Нұрымбетовке облыс әкімінің алғысхаты табыс етілді.

Бұл жолғы концерттің ерекшелігі, тойға көршілер де ортақтасып, оркестрге А.Жұбанов атындағы Ақтөбе облыстық қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, профессор Қайырғали Қожанбаев, Атыраудан Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, мәдениет қайраткері Талғат Камалиденов, «Нарын» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, «Құрмет» орденінің иегері Орақ Жауыровтар да дирижерлік етті.

Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Қанатқали Қожақов пен Жұмағаным Рахимова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Мұрат Әмірханов сынды танымал әншілер қатысты.