Аталмыш ән байқауы алғаш рет Батыс Қазақстанда 2000 жылы ұйымдастырылған болатын. 2006 жылдан бері халықаралық дәрежеде екі жылда бір өткізіліп келеді. Биыл талантты жастар үшін шымылдығын алтыншы рет ашқан өнер додасына еліміздің өзге облыстарынан, Ресейден, БҚО-дан 28 үміткер қатысты.
- Әндерім екі күн бойы Ақ Жайықтың үстінде қалықтады. Әнқұмар тыңдаушыларыма, фестивальді ұйымдастыруға көп күш салған облыс әкіміне, мәдениет басқармасына шексіз алғысымды білдіремін, - деген байқау қазылар алқасының төрағасы Ескендір Хасанғалиев жарыстың жетістіктері мен «әттеген-айларына» да тоқталды. Сондай-ақ Ақ Жайықтың ақ шағаласы атанған ақын Ақұштап Бақтыгереева да қатысушыларға жүрекжарды тілегін білдірді.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде ешкімге берілмей, І орынға Қаратөбе аудандық мәдениет орталығының әншілерінен құралған «Қаратөбе» квинтеті лайық деп танылды. ІІ орыннан қызылордалық Индира Ахметова, Жамбыл облысынан Жанна Асанқұлова мен оралдық Айнара Айтқалиевалар көрінді. Ал ІІІ орын Ресейдің Астрахан облысынан келген Мансұр Мұсағалиев, астаналық Мұратбек Хайролла, Тасқала аудандық мәдениет үйінің әншісі Тимур Тапалов, Теректі аудандық мәдениет үйінің әншісі Гүлназ Құсайынова, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Айым Еркіноваларға бұйырды. Қалған қатысушылар алғысхаттармен марапатталып, кеш жеңімпаздардың гала-концертіне ұласты.
Бүгін Ескендір Хасанғалиев туған жері - Қаратөбеде шығармашылық сапарын жалғастырып, аудандық мәдениет үйінде «Ақжайық - елім» атты жаңа бағдарламасын жерлестерінің назарына ұсынбақ. Оған ұлы, әнші-композитор Біржан Хасанғалиев те қатысады.