Оралда кәріз жүйесіндегі апаттан қалпына келтіру жұмыстары аяқталды

ТЖМ мәліметінше, 24 наурызда кәріз жүйелеріндегі апаттан қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталды.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Оралда 22 наурызда 14 сағатта кәріз жүйелерін тасқын су алып кетуге байланысты Евразия даңғылы - Чагано-Набережная көшесі; Тайманов - Маметова көшелері; Әбілхайыр хан даңғылы - Карбышев көшесі; Петровский көшесі - Алмазов көшесі секілді төрт жерде канализациялық коллектор жарылды. Соның салдарынан №4, №6, "Северо-восток", "Строитель", "Айгүл" ықшамаудандары мен Әбілхайыр хан даңғылындағы тұрғын үйлерге су жіберілмей қалды ( 60 мыңдай адам). 23 наурызда сағат 06-да "Айгүл" ықшамауданы мен Әбілхайыр хан даңғылындағы тұрғын үйлерге ауыз су жіберілді.

23 наурыздағы 20 сағаттағы жағдаймен №4, №6, "Северо-восток" және "Строитель" ықшамаудандарында 10 мыңдай тұрғын сусыз қалды. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына "Орал Су Арнасы" ҚКК-ның 45 адамы мен 22 техникасы жұмылдырылды. Халыққа, білім беру және медицина нысандарына су жеткізілді. Су тасу жұмыстарына 12 тасығыш көлік (6 -ы ауыз сумен, 6 -ы с техникалық сумен) тартылды. Басқа ықшамаудандарға су 24 наурызда 12 сағатта жіберілді.