Аталмыш шара этнограф, қоғам қайраткері, ағартушы М-С.Бабажановтың (1832-1871) туғанына 180 жыл толуына арналды.
Мақсат - ғалым, қоғам қайраткерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын студент жастар арасында насихаттау және үлгі ету. Тағылымды шарада Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров пен Оралдағы жекелеген жоғары оқу орындарының студенттері баяндамалар жасап, М.-С.Бабажановтың ел үшін еткен еңбегіне тоқталды.
Ордадағы орыс-қазақ мектебінде, кейін Орынбордағы Неплюев кадет корпусында білім алған М.-С.Бабажанов Бөкей хандығында түрлі қызметтерді атқарумен бірге этнографиялық, зерттеу жұмыстарымен айналысты. Қазақтың салт-дәстүрі, шаруашылығы, аңшылық кәсібі жөнінде еңбектер жариялап, көне мұраларды жинақтады. 1861 жылы орыс географиялық қоғамының мүшесі болып сайланып, бір жылдан кейін этнография бөлімінің жұмысына қосқан үлесі үшін аталмыш қоғамның күміс медалімен марапатталды. М.-С.Бабажанов - мұндай дәрежеде ресми марапатталған тұңғыш қазақ. Ол қазақ халқының мүддесін қорғауда да ерекше қажыр танытты. Ғалым, қоғам қайраткері мезгілсіз дүние салғаннан кейін ел аузында «Салық өлді дегенше, халық өлді десейші» деген сөз қалған. Бабажанов туралы күйлер шығарылып, өлеңдер жазылды.