Оралда нан бағасы 15 процентке қымбаттады

Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі облыстық департамент төрағасы Валерий Кондратенконың KZ-today тілшісіне хабарлауынша, қазіргі жағдаймен Батыс Қазақстан облысында жалпы қуатының 35 процентінен артық мөлшерде өнім өндіретін бірде-бір кәсіпорын жоқ. Демек, іс-қызметі мемлекет тарапынан реттелетін монополия субьектісі де жоқ деген сөз. Оралда нан-бөлке өнімдерін өндіретін 27 кәсіпорын бар, олар өз өнімін 700 сауда орны арқылы таратады. Алайда, бұлардаң біреуі де жалпы тұтынылатын нанның 10 процентін де өндірмейді, дейді В.Кондратенко. Осыған байланысты департамент нан бағасын реттемейді де, бақыламайды да, деді ол.

Өнім өндірушілер нан бағасының қымбаттау себебін коммуналдық қызметке жұмсалатын шығын көлемінің артуымен және қызметкерлер жалақысының өсуімен түсіндіреді.
Ал Азық-түлік келісім-шарт корпорациясының облыстық өкілдігінің директоры Болат Жұмағұловтың айтуынша, биылғы астықтың бағасы өткен жылғыдан анағұрлым арзандап, бір тоннасына 98 долларды құрады (2003-жылы ол 173 доллар болған). Осыған байланысты Б.Жұмағұловтың пайымдауынша, биыл нан бағасы арзандауы тиіс.
Орал қалалық әкімшілігіндегілер де нан бағасының бүгінгі қымбаттауын негізсіз деп санайды.