Оған Орал қаласы мен облыс аудандарынан барлығы 17 ақын қатысып, бақ сынады. Екі айналымнан тұратын сайыста бұрын көп көріне қоймаған теректілік Эльдар Ихсанов ерекше көзге түсті. Дегенмен ақжайықтық Айнабек Бисенғалиев айтыс барысында өзінің қатарластарынан анағұрлым өскендігін танытып, тыңнан жол таба білді. Ол - белгілі айтыскер Сағынтай Бисенғалиевтің ұлы. Айнабекке бас жүлде бұйырса, республикалық айтыстарда талай бәйгені қанжығаға байлап жүрген М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің магистранты, бөкейордалық Жансая Мусина бірінші орынды иеленді. Тағы бір Бөкей ордасы ауданының талантты түлегі Талғат Мықи мен Эльдар екінші жүлдені еншіледі. Оралдық Мұрадым Мирланов, бөрлілік Жарқынбек Шынтаев, сырымдық Санат Кәрімов үшінші орынға көтерілсе, қалған ақындар да сыйлықсыз қалған жоқ. Наурыз мейрамын, ұлттық рухты барынша жеріне жеткізе жырлағандар да, уақ-түйекті сөз еткендер де болмай қалған жоқ.