Оралда самбодан Әлем кубогінің кезеңі мәреге жетті, бірінші орын қазақстандық балуандардың еншісінде

Батыс Қазақстан облысы әкімдігі, ҚР Туризм және спорт министрлігі мен ҚР Самбо федерациясы ұйымдастырған аталмыш додаға әлемнің он жеті елінен келген 230 белді балуан қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменнің айтуынша, самбо күресі Ақ Жайық өңірінің төлқұжаты іспеттес. Сол себепті осы күрес түрі туралы сөз қозғалса, ең бірінші кезекте, Жайық өңірі ойға оралады. Бұл - тегін емес. Батыс Қазақстан облысында спорттың бұл түрінің дамуына қажетті жағдайдың барлығы жасалуда. Балуандар еш алаңсыз жаттығып, оқу-жаттығу жиындарына үздіксіз қатысуда. Жергілікті самбошылар арасынан бірнеше әлем және Азия чемпиондары шықты. Асхар Шайхиев, Қоныс Жетпісовтер салған жеңімпаздар жолын бүгінде Ерболат Байбатыров, Медет Оңдағановтар жалғастыруда. Бұл күндері ұлттық құрама сапында жүргендердің дені Жайық жағалауының жастары екендігін мақтанышпен айтуға болады.

Өңірде алтыншы мәрте өткен бұл додада тоғыз салмақта жігіттер, тоғыз салмақта қыздар және әскери самбода үш салмақ бойынша ұландар боз кілемге шықты. Қазақстан ұлттық құрамасының негізгі қарсыласы саналатын ресейліктер биыл да барлық салмақ дәрежесі бойынша команда жасақтап әкеліпті. Сондай-ақ Тәжікстан, Грузия, Моңғолия елдерінен келген самбошылар да көптеген салмақта өз бақтарын сынады. «Бүгінгі таңда бұл байрақты бәсекенің бәсі биік, - дейді халықаралық самбо федерациясының өкілі Юрий Шоя.

«Мықты спортшылардың өзі мұнда қатысқысы келеді. Сол себепті іріктеу қатаң. Іріктеу демекші, атамыш Әлем кубогі биылға дейін алты кезеңнен тұрды. Яғни бір жыл ішінде алты елде осындай жарыс өтетін. ФИАС-тың (халықаралық самбо федерациясының) атқару комитетінің шешімімен 2012 жылдан бастап ол төрт кезең болып белгіленді. Сол себепті сайысты жоғары деңгейде өткізетін мемлекеттерді іріктеу қажеттілігі туды. Сонда атқару комитетінің мүшелері Қазақстанда жарыс өткізуді бірауыздан қолдады. Қазақстанда, соның ішінде Оралда жарыс атаулысы жоғары деңгейде ұйымдастырылатынын соңғы он жыл ішінде әлем кубогі, әлем чемпионаты сынды айтулы бәсекелерге келіп өзім де куә болып жүрмін»», - деді ол.

Жарыс «шымылдығын» батысқазақстандық, былтыр спортқа дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатын бітірген Болатбек Райымқұлов пен ресейлік Денис Котов ашты. 52 келі салмақ дәрежесінде белдескен балуандар осал емес. Чемпиондарды шығарған Тайпақ өңірінде дүниеге келген Болатбек былтыр Литвада өткен Әлем чемпионатында жеңімпаз болған. Ал көрші елдің Пенза губерниясының түлегі Денис бірнеше мәрте Ресей, Еуропа кубоктарын иеленіп жүрген жас. Жиырмадан жаңа асқан Болатбек белсенді қимылымен де, техникасымен де ерекшелене білді. Сөйтіп 5:1 есебімен қарсыласын тізе бүктірді. Осы салмақ бойынша бірінші айналымда, сондай-ақ батысқазақстандық Мейірхан Нұрмаханов пен Жарқынбек Бектаев жеңімпаз атанды. Жалпы, 52 келілік салмақ батысқазақстандық балуандар үшін аса табысты десе де болады. Кезінде Қоныс Жетпісов осы салмақта әлемдік сайыстардан алтынан алқа тақса, кейін Ерболат Байбатыров та осы ерлікті қайталады. Сол дәстүр бұзылмай, аталмыш сайыс барысында жүлде атаулысының бәрі қазақ жігіттеріне бұйырды. Яғни бас жүлде Болатбекте, қалғанын жоғарыда есімдері аталған жігіттер өзара бөлісті.

57 келі салмақта белдескен әлемнің төрт дүркін чемпионы Ерболат Байбатыров та бабында болды. Басында тәжікстандық балуаннан айласын асырып, ақтық сында әлемнің екі дүркін чемпионы Акмаладдин Каримов деген тағы бір тәжікті тізе бүктірді. Сөйтіп А.Каримовтың биылғы әлем кубогінің алғашқы кезеңінде де алтынға қолы жетпей кетті. Өйткені, былтыр оның жолын Медет Оңдағанов бөгеген еді. 62, +100 келі салмақтар да тағы бір батысқазақстандық Бағдат Жарылғасов пен Арман Әбеуов өзгелерден оқ бойы озық болды.

Өкінішке орай, қазақстандық қыздар жеңіс тұғырына көтеріле алған жоқ. Мұны еліміздің ұлттық құрамасының бапкері Қайрат Тұрарұлы мықты деген қыздарымыздың былтыр өткен түрлі сайыстардан жарақат алып, қатыса алмауымен түсіндіреді. Үміт артқандардың біразы финалға жете алған жоқ. Оның есесіне самбоның отанынан, яғни Ресейден келген арулар өз қоржындарын алтынға толтырды. Тоғыз салмақ бойынша да көрші елдің туы биіктен желбіреді. Ал 56, 60, 72 келі салмақ дәрежелеріндегі жүлде қорын түгелдей көршілеріміз еншіледі. Қыздарымыз жіберген есені әскери самбошы жігіттер қайтарды. Қазақстандықтар барлық салмақ дәрежесінде де жеңімпаз атанды және 62, 68 келі салмақтарда жүлде атаулысының бәрі иеленді.

Сөйтіп командалық есеп бойынша биыл да еліміздің құрамасы бас жүлдені олжалады. Қалған жүлделі орындарды Ресей мен Грузия иеленді.