Оралда себепсіз куәлігінен айрылған жүргізушілер шу шығарды

Дәл осы қиылыста болған апат жүздеген оралдықтың жүйкесін жұқартты.Соғысқан қос көлік жолды жауып тастаған. Соның кесірінен жүргізушілердің қарсы жолға шығып айналып өтулеріне тура келеді. Бірақ артынан осы әрекеттері үлкен дауға айналады деп ойламапты. Сөйтіп, қарсы жолға қарай қия басқандарға сотқа шақырту келе бастаған.

Алтынбек Өтешов, Орал қаласының тұрғыны:

-Сотта қағазымды беріп едім, бір жас қыз алды да айтады: Ағай, сіз әкуліктен айрылғансыз деді.  Түсіндіруге мұрша бермеді.

Қазір әкімшілік соттағылар отызға тарта жүргізушіні куәлігінен айырыпты. Алда олардың саны артуы мүмкін. Шешім шығарған судьялар да жағдайды жақсы түсініп отырғандарын айтады. Бірақ заң бойынша тек көлік басқару құқығынан айыру жазасы ғана қаралған деп отыр.


Ғалымжан Ищанов, Орал қалалық әкімшілік сотының төрағасы:

-Бір жағынан айтуларын түсінуге болады. Бірақ заңға келмейді. Біздердің басқа шешім қабылдай алмаймыз ғой. Енді заңда жазылмаған. Айыппұл болса бәріне айыппұл салар едік.

Қос көліктің кесірінен сол күні төрт сағат бойы жолдың бір жақ бөлігінде қатынас тоқтаған. Ал оны реттеуге тәртіп сақшылары мүлдем асықпапты. Ішкі істер департаменті басшыларына судья ескерту берумен шектелді. Дегенмен ойламаған жерден куәліктерінен айрылғандар сотқа апелляциялық шағым түсіріп, жол сақшыларының да жазаға тартылуын талап етпекші.