Оралда татар әншісі Эльмира Әмірова жеке концертін қойды

Концертті «Назиб Жигановтың халықаралық шоқжұлдызы» жеке қоры ұйымдастырды. Қор басшысы Светлана Тенишеваның айтуынша, Эльмира Әмірова өз тыңдармандарын отыз бес жылдан астам уақыт бойы әнмен сусындатып келеді.

Алғашқы өнер жолын «Ақжайық» ән-би ансамблінде бастаған Эльмира арадағы үзілістен кейін сахнаға қайта оралды. Туған өлкеге арнаған концертінде ол қазақ, орыс, татар тілдерінде ән шырқады.

Әншіге белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева, «Шатлык» татар-башқұрт мәдени орталығының төрағасы Равиль Құрбанғалиев жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ «Орал сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Ақжайық» ансамблі, Ақтөбеден келген «Язгы моннар» ән-би ансамблі және басқалары да ілтипатын аянған жоқ.

Э.Әміроваға таланты мен кәсіби өнері үшін 2006 жылы 9 желтоқсанда Татарстанның сол кездегі Президенті М.Шаймиевтің Жарлығымен «Татарстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағы берілген.