Оралда үйсіз отбасы орманды паналап жүр

Қазанда бұрқ-сарқ етіп ет асылып жатыр. Оны құрбан айт күні жанашыр жандар әкеп беріпті. Үш балалы отбасының Жайық өзенінің жағасында осылай жұпыны тірлік кешіп жатқанына біраз ай болған. Түнде күн күрт суытып, күркелеріне кіреді. Шешелері болса, балаларымының жағдайы жақсы, тамағы тоқ деп, өздеріне шаң жуытпай отыр. 

- Жамылғы мен жастық қана бар.Түн ішінде суық. Үстімізге пакет жабамыз. Не істейміз енді?

Үш қыздың үлкені Альбина алтыда. Одан кейін Карина мен Камилла есімді сіңлілері бар. Кеш түскенде барлығы мына аядай қостың ішінде қыстырылысып жатады. Сырттан келген бөтен біреуді жақтырмайды. Бұрын  барлығы ата-әжесімен саяжайда тұрыпты. Бірақ, ұрсысып қалып, кейін отағасы басы ауған жаққа безіп кеткен. Әйелі де көп ұзамай соңынан қыздарын ертіп келіпті. Баспана жалдайтын ақшалары болмай, осы тегін тұрақты паналаған. Күйеуі ара-тұра жүк түсіріп, ақша тауып әкеледі екен. Ал шешесінің тіпті балалардың жәрдемақысын алуға да жағдайы жоқ болып шықты.  


Анастасия Еремина,
Орал қаласының тұрғыны:

Құжат жинауға бармадым. Киеуім жұмыста.

Настя киімді өзенге апарып жуады. Үлкен қызы Альбина сіңлілеріне қарайды. Үшеуінің үстіндегісі де елдің берген киімі. Әкесі арақ ішпеген күні қыздарының болашағын ойлап, қабырғасы қайысады екен. Бірақ, шарасыздықтан кейін қолын сілтей салады.  

Репек Әбсеметов, Орал қаласының тұрғыны:

-Әрине, адам құсап өмір сүргіміз келеді. Үй жағы қиындау болып тұр. Қарайласатын адам жоқ. 

Сап ете қалған журналистерді де қаңғыбастар қабақ шытып қарсы алды. Ешкімнен көмек күтпейтіндерін айтты. Біліп қойса, балаларды алып кетеді деп үрейленеді. Қыздардың әке-шешесі осыдан қатты қорқады екен. Ал олардың елсіз жерде, тағы табиғаттың арасында өсіп келе жатқанын қалыпты нәрсе деп қабылдайды.