Алғашқы 3 турда «Алматы» 40 ұпаймен көш тізгінін ешкімге бермеген еді. Оларды өкшелеп келе жатқан Хромтаудың «ТНК Қазхром» командасының 7 ұпайы кем. Өскемендіктер («Шығыс-ҚорғасынҚұрылыс») 25 ұпаймен 3-інші орында келе жатыр. Ал атыраулықтарда («Атырау») - 17, Орал («Конденсат») мен Қызылжар («Есіл» ) волейболшыларында 10 ұпайдан ғана бар.
Төртінші тур Хромтау мен Қызылжар, Өскемен мен Атырау, Алматы мен Орал спортшылыарының ойындарымен басталады. 12-17 қаңтарда Өскеменде өткен сында өз қоржынына «Алматы» мен «ТНК Қазхром» - 12, «Шығыс-ҚорғасынҚұрылыс» - 9, «Конденсат» - 7, «Атырау» - 5, ал «Есіл» бірде-бір ұпай қоса алмаған еді. 2011 жылдың 9-16 қарашасында Алматыда өткен бірінші тур ойынында алматылықтар - 13, хромтаулықтар - 12, өскемендіктер - 7, атыраулықтар - 6, қызылжарлықтар - 4, оралдықтар - 3 ұпай жинаған еді. Ал 5-12 желтоқсанда Қызылжардағы екінші турдан оралдықтардың қоржыны бос қайтты.