Оралда жүргізушілер бензин таппай сенделіп жүр

Оралдағы көлік жүргізушілері жанармай тапшылығын бірнеше күн бұрын сезе бастапты. Бастапқыда бензин тек бірер бекетте ғана жоқ болса, қазір оны табу қиынға соғуда.

Райбек Қайыров, Орал қаласының тұрғыны:

-Барлығы дүрлігіп жатыр. Жарты күн бойы кезекте тұрмыз. Бидіктегі адамдар қайда қарап отыр?! Осыған араласатын уақыттары келген шығар.

Жоғары октанды жанармай саудалап келген бекеттер жүргізушілерді өз таблосымен қуанта қоймады. Олар бензинді тек талонмен жіберуде. Ал жиналған қорының арқасында қолма-қол ақшаға сатып жатқандары 20 литрден артық құймайды.

Андрей Лопухов, Орал қаласының тұрғыны:

Газ да бензин де жоқ. Неге бұлай. Мұнайға бай елде қалайша бензин жоқ. Айтыңызшы?

Қалыптасқан жағдайдың шығу себебін монополияға қарсы инспекция мамандары анықтауда. Олар қордағы жанармайдың қайда кеткенін тексермек. Және кәсіпкерлердің өзара сөз байласу мүмкін бе, соны анықтайды. Ал кәсіпкерлер отандық зауыттардың ішкі сұранысты қанағаттандыра алмайтынын айтуда. Оның үстіне ресейлік отынға шектеу қойылғандықтан шарттар бұзылыпты. Сондай-ақ, дала жұмыстары қызған шақтағы тапшылық та кері әсер еткен көрінеді.  


Мұрат Жекебаев, жанармай құю бекетінің иесі:

- Бұл жағдайда тек сұраныстың азаюын ғана күте аламыз. Сұраныс азайса жағдай оңалар. Бірақ бұл тек күздің басында ғана болуы мүмкін. Қалай десек те, осы тамыз бен қыркүйекте жүргізушілер жанармайдан қысылатын болады.

Осылайша мамандардың сөзіне сенсек, алдағы уақытта жүргізушілердің жанармай бекеттерінің алдында ұзын-сонар кезекте тұруы қалыпта жағдайға айналуы мүмкін.