Оралдағы "Алгоритм" техносаябағының бұдан былайғы тағдыры туралы мәселе үкіметте шешіледі - ҚР вице-премьері С.Мыңбаев

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, шілде айының басында Оралда "Гидроприбор" ҒЗИ-ның негізінде "Алгоритм" атты аймақтық техносаябақ құрылған болатын. Оның құрылтайшылары "Градиент" аймақтық зерттеу орталығы" АҚ, "Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы" АҚ, "Гидроприбор" ҒЗИ" АҚ мен Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университет болмақ. Алайда, техносаябақтың жарғылық қоры бар-жоғы 350 млн. теңгені құрайды. Мұндай кәсіпорын үшін бұл жеткіліксіз қаржы. Осыған байланысты вице-премьердің пайымдауынша, оның болашағы туралы мәселе үкіметтік деңгейде талқылануы тиіс.

С.Мыңбаев аймақтық индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру базасына айналған өнеркәсіп орындарының іс-қызметіне тұтастай алғанда оң баға берді. Бұл бағдарлама бойынша облыста 12 жоба жасалған. Солардың бірі - "Уральскагрореммаш" зауыты мен "Ростсельмаш" АҚ-ның бірлесуі негізінде "Нива-Эффект" комбайндарын құрастыру жобасы. Зауыт директоры Гимран Бейсеновтың айтуына қарағанда, қазіргі жағдаймен 40 комбайн құрастырылып, пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы да 100 комбайнды құрастырып біту көзделген. Ал 2005-2007-жылдарда 500-дей машина құрастырылады.
Сондай-ақ, С.Мыңбаевтың пікірінше, үкімет Каспий қайраңын игеріп жатқан мұнайгаз компаниялары үшін Оралдағы "Зенит" АҚ кеме жасау зауытында азаматтық кемелер жасап шығару жобасына оң баға беретіні анық.