-Украина босқыны болсақ бір сәрі. Мына түрімізбен Қазақстанның нағыз қаңғыбасына айналамыз.
Сергей Антоненко мен Анатолий Василенко үшін олардың көлігі жатар орны мен ас үйіне айналған. Уфадан Астраханьға 17 тонна сыра тасымалдау үшін келген қос жүргізуші қазақ жерінде дәл осындай жағдайға тап боламыз деп ойламапты.
Анатолий Василенко, көлік жүргізушісі:
-Біз Қазақстанның шекара бекетін өткен кезде қосымша құжаттар қажет па деп сұрадық. Шекарашылар еш қиындық туындамайды, тек көлікке сақтандыру полисін толтыру керек деп айтты. Сөйтті де бізді Қазақстан аумағына кіргізді.
Бірақ Оралға 40 шақырым жер қалғанда оларды көлік инспекциясы тоқтатып, көлік Украинада тіркелгендіктен арнайы рұқсат қағазды көрсетуді талап еткен.
Сергей Антоненко, көлік жүргізушісі:
-Мемлекеттік нөмірдегі Украина туының суретін көріп олар бірден рұқсат қағазды сұрады. Біз Ресей азаматымыз, Қырымда тұрамыз. Сондықтан бұл қағазсыз-ақ Қазақстан жерінде жүруімізге болатындығын алға тартқан едік. Бірақ инспектор әкімшілік хаттама толтырып, бізді айып тұрағына жеткізді.
Көліктер ұсталған соң жүргізушілер бірден Қырым басшылығы мен Ресей консулдығынан көмек сұраған. Ал еліміздің көлік инспекциясы соңғы саяси өзгерістер жайлы ресми түрде айтылмағандықтан қазіргі заң бойынша жұмыс жүргіздік деп отыр.
Серік Үбішев, «Батыс» көлік инспекциясының бөлім бастығы:
-Бұл жағдай бойынша тек олар айыппұл төлеп, арнайы рұқсат қағазын көрсетуін талап етеміз. Басқа жағдайда біз оларды жібере алмаймыз. Себебі заңда осылай жазылған. Біз одан аттап кете алмаймыз.
Қырым Ресейдің бір бөлігі деп мойындалмаған. Түбек тұрғындары әлі Украина азаматы. Батыс Қазақстан облысындағы көлік инспекциясындағы түсініспеушілік те соның кесірі. Ал Ресей азаматымыз деген бұл көлік жүргізушілері Кеден Одағы аумағына еркін жүруді көксесе керек. Енді құжаттары реттелмейінше, Оралда әлі біраз күн аялдай тұрудан басқа амал жоқ.