Оралдың «Ақжайығы» чемпионаттың екінші кезеңін сәтті бастады

Чемпионаттың бірінші кезеңінен кейін командалар екіге бөлінген болатын. Алғашқы алты команда біріншілік жүлделері үшін таласса, қалғаны премьер-лигадағы орнын сақтап қалу үшін барын салмақ. Екінші топтағы Оралдың «Ақжайығы» бұл жолы өз ойынын Шымкентте жергілікті «Ордабасымен» өткізді. Осыған дейін 22 турда 30 ұпай жинаған «Ордабасы» сегізінші орынға орнықса, «Ақжайық» 14 ұпаймен 11-орынға жайғасқан еді. Соған қарамастан, оралдықтар өзінен жоғары тұрған командамен сәтті ойнай білді. Бірінші таймда оралдық Николай Забродин есеп ашса, ойынның екінші кезеңінде 55-минутта алаң иелерінен Артем Касьянов көзге түсті. Дегенмен 71-минутта «Ақжайықтың» мерген шабуылшысы, ганалық легионер Мозес Саки 11-метрлік айып добын дәл орындап, командасына жеңіс әперді.

«Ақжайық» келесі ойынын қыркүйектің 11-інде өз алаңында Алматының «Қайратын» қабылдайды.