Соңғы кезде «жетісулықтардың» ойын өрнегі жақсара түсіп, азулы командалардың бірі екендігін танытып үлгерді. Бұл жолы да Асқар Қожабергеновтің шәкірттері ширақ қимылдап, ойынның 19-минутында Серікжан Мұжықов есеп ашты. Осыдан кейін алаң иелері намысқа тырысып, әлсін-әлсін шабуылдағанымен, есепті өзгерте алмады. Екінші таймда «жетісулықтар» Алексей Щеткин мен Мақсат Байжанов бір-бірден доп соғып, есепті 3:0-ге жеткізді.
Сөйтіп супер-лигада қалу үшін жанталасқан командалар арасындағы бәсеке шиеленісе түсті. Бұл турда «Ақжайықтың» негізгі қарсыластары Көкшетаудың «Оқжетпесі» мен Алматының «Қайраты» 1:1 есебімен тең ойнады. «Оқжетпес» 19 ұпаймен соңғы орында қалса, 21 ұпай жинаған «Қайрат» «Ақжайықтан» (20 ұпай) бір саты жоғары көтерілді. Қазанның 15-інде өтетін келесі турда Алматыда дәл осы «Қайрат» пен «Ақжайықтың» кездесуінде біраз мәселе шешіледі.