Орал жұрты көктем келсе бітті, түн ұйқылары төрт бөлініп, іштерін тартып отырады. Өйткені қаланы төрт қапталдан Жайық, Шаған, Деркөл өзендері қоршаған. Қар еріген кезде олардың тасу қаупі өте жоғары.
Алла Малина, Орал қаласының тұрғыны:
-Жыл сайын көктемге дайындаламыз. Не боларын кім біледі? «Сақтансаң сақтаймын» дейді ғой. Осылай үнемі жанымызды шүбереке түйіп отырамыз.
2011 жылы осы аймақтағы Тасқала, Теректі, Шыңғырлау, Зеленов аудандарында тасқын болғаны белгілі. Еріген су арықтан адасып ағып, тұрғындарды тентіреткен еді. Әрі қызыл су үйге де кіріп, баспаналар жарамсыз болып қалған. Сол кезде жалпы саны 3 мыңға жуық адам зардап шеккен болатын. Биыл мұндай қауіптің алдын алу үшін өңірдің атқамінерлері тұрғындарды ертерек сақтыққа шақырып жатыр.
Ғалым Орынғалиев, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
-Көктемде қар ерісе, соның өзі біз үшін қауіп тудырады. Сондықтан өзеннің жиегінде тұратын жұрт бұған алдын ала дайындалуы керек. Ал басқа жақта тұруға мүмкіндік болса, тұрғылықты жерлерінен уақытша кеткені дұрыс.
Қостанай облысына да су тасқыны қаупі туып тұр. Сондықтан мұндағы коммуналшылар мен құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Себебі, онда тасқан бола қалса, мың жарымға жуық тұрғын үй топан судың астында қалуы мүмкін.
Талғат Кәкімов, Қостанай облыстық ТЖД бастығы:
-Биыл ауа райы ерте жылып кетті. Сондықтан 23 елді мекенге су жүру қауіпі бар. Табиғатты танып білмейсің ғой не боларын кім біледі.
Десе де жұрт үшін қауіп тудыруы мүмкін деген өзендер әлі мұз астында. Сондықтан тұрғындардың олар еріп, арнасынан аспай тұрғанда сақтанғаны жөн.
Loading...