Ораза ұстамау кімдерге рұқсат етілген

БІРІНШІДЕН, НАУҚАС АДАМ
Алла Тағала былай деді: «Ал біреу науқас не сапарда болса, онда басқа күндерде оразасының санын толтырсын». («Бақара» сүресі, 185-аят). Науқас адамға ораза ұстау қиын болса немесе ораза оның ауруынан тез жазылып кетуіне кедергі болса, ол оразасын уақытша тоқтатып, кейін тәуір болған соң, қалған күндерінің қазасын өтейді. Егер ауруы мүлде жазылмайтын жағдайда болса, онда жағдайына қарай күніне бір міскінді тамақтандыруы тиіс болады.

ЕКІНШІДЕН, САПАРДА ЖҮРГЕН АДАМ
(мусафир, жолаушы)
Сапардағы адамға аузын ашуға рұқсат етіледі әрі бұл оның ағзасының жағдайына немесе сапардың қиын не жеңіл болуына байланысты емес. Тіпті, оның жолы жеңіл әрі қиындықсыз болса да, оған ораза ұстамауға және намаздарын қысқартып оқуға рұқсат етілген. Сапарға шыққан адам ораза ұстаса да, ұстамаса да болады. Бұл жайлы Әнас (оған Алла разы болсын): «Біз Пайғамбармен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге жиі сапарда болатынбыз әрі ораза ұстаушы адам ораза ұстамаған адамды, ал ораза ұстамаған адам ораза ұстаған адамды сөкпейтін», – деген. (Бұхари 1947).



ҮШІНШІДЕН, ҚАРТ АДАМ
Ибн Аббас (р.а): «Ораза ұстауға шамасы келмейтін кәрі ер мен әйелге ораза ұстамауға және оны өтемеуге рұқсат етілді, бірақ жіберілген әрбір күні үшін бір кедейді тамақтандыруға бұйырылды», – деген. (Бұхари, 7/179. Әд-Дарақутни, 2/205).

ТӨРТІНШІДЕН, ЖҮКТІ ЖӘНЕ ЕМІЗУЛІ БАЛАСЫ БАР ӘЙЕЛ
Егер жүкті және емізулі баласы бар әйел өзі немесе баласы үшін қауіп сезінсе, оразасын тоқтата алады. Бірақ кейін қазасын өтейді. 

БЕСІНШІДЕН, ЕТЕККІРІ КЕЛГЕН ЖӘНЕ БОСАНҒАННАН КЕЙІНГІ ҚАНЫ КЕЛІП ЖАТҚАН ӘЙЕЛ
Етеккірі келген немесе босанғаннан кейінгі қаны келіп жатқан әйелдерге ораза ұстауға тыйым салынады. Олар оразасының орнын кейін, тазарған соң толықтырады.

                                                                                                                                                Ақпарат көзі: АСЫЛ АРНА