Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Ордабасы» футбол клубына қатысты қандай өзгерістер болатынын айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
«Шымкентке басшы болып келген уақытта «Ордабасы» командасының біршама қарызы болған. Команданың ойыны әрі қарай жалғаса ма, қаржылық жағдайы қалай, ойыншылары жалақы ала ма деген мәселе де тұрды. Бұл мәселелер қазір қалпына келді. Биыл біраз бюджет қарастырдық. Бұрынғы «Ордабасы» басшылығы түзеген келісімшарттарды жаптық, оның ішінде жалақы да бар. Кейбір келісімдердің мерзімін ұзарттық», - дейді Сыздықбеков.
Қала әкімі футбол клубына биыл қанша қаражат бөлінгенін айтты.
«Биыл 5,3 млрд теңге қаражат бөлдік. Одан бөлек ірі кәсіпкерлерді тарту аясында 1 млрд теңге көлемінде демеушілік ақша қаралды. Келесі жылы 16 футболшы өзінің келісімшартын тоқтатады. Келесі жылы Қазақстан өңірлерінде көрсетілген саннан артық бюджет бөлмейміз», - дейді ол.