"Өркениетті елде тұрамыз ғой, бұтымыздың қисықтығы болмаса" - Салтанат Абылбекова

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол желідегі жеке парақшасында әжетханада басталған оқиға туралы баяндап, былай деді: 

"Пәлен жерде орнатылған, түген әжетханадан бүгін үлкен дау шықты. Тазалықшы әйел келген клиенттердің біріне " Бұтың қисық па, неге дұрыстап отырмайсың? Еще суды ағызбапсың" деп тарпа бассалды. Клиенттің де қайтқысы жоқ.

- Осы жерді тазалағаның үшін ақша алып жатсың, кім не істеп кетсе де тазалауың керек, клиент всегда прав, мен ақша төлеп кірдім - дейді қайтпай.

Екеуіне қарап тұрып: "Отыздыққа енген, мәдениеті дамыған, өркениетті елде тұрамыз ғой, бұтымыздың қисықтығы болмаса -деген ой жылт ете қалды санамда.

Иә, иә өркениетті елде тұратынымыз жасырын емес. Өкімет асағанынша асап, асағанынан артылғанына жағдайымызды жасап -ақ жатыр емес пе? Көшелерді жөндеп, шамдарды жарқыратып "осы халық шаршағанда демалсыншы" деп екі аттам сайын, отыратын орындықтар орнатты,

қоқысын отырған жерінде шашпасын деп, мусор жәшіктерін қойды. Ал біздің адамдар қайтті?

Орындықты жұлып алып, ауласына орнатып қойғанымен қоймай, қоқыс жәшігін түбімен жұлып алып, темірге өткізіп жіберді. Соңында келіп өкіметке өкпе артты. Шашылған қоқыстың суретін түсіріп алып, қоқыс компаниясын қарғады.

Өткенде ғана біз жақта үлкен алея толық жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілген. Есеп берулерінше жөндеуге "пәлен миллион" кеткен көрінеді. Мейлі, кетсе кеткен шығар. Адамнан басқасының барлығы қымбат қазіргі заманда "пәлен миллион" кетті дегенің таңқаларлық жағдай емес. Әйтеуір онша-мұншасын өзгертіп, фонтандар мен балалар сырғанайтын сырғанақ, бірнеше әткеншек орнатыпты. Аймағымыздың көркіне көрік кіріп, балалар сырғанақ теуіп, фонтанға шомылып, мәз болып қалысты. Кішкентайлар әткеншектерге таласып, жаға жыртысты.

Таласып жатқан төрт -бес қара домалағына анадайда тұрып әкелері айғай салды.

- Әкенауылар таласпаңдар! Көңіл сыйса бәрі сыяды. Поштанай сен мұнда отыр, тәмпішім сен жанына отыр, кенжетай сен ортасына отыр, ал Алихан сен осылардың арт жағына тұрып тұр— деп бір адам отыратын әткеншекке 4-5 баласын отырғызып, " қазір мен сендерді айға ұшырамын!" деп тербетті -ай келіп. Не деген балажан жақсы әке?


Әткеншекте де жан бар-ау, қиқылдап-шиқылдап, жыларман күйге түстіп, соңында " порт" етіп жүрегі жарылып өлді де қалды.

Балалар дін аман. Жандары тәтті-ақ екен. Секіріп түсіп үлгерді. Әкелері әткеншектің әкесінен бастап боқтап, әжесіне дейін сыбады. Ақысы қалып кеткендей онсыз да порт сынған дүниені бір теуіп, соңғы демін бір -ақ шығарды.

- Қытайский сапасыз дүние

"Жеп қойған ғой!" жемесе осылай сынар ма еді- дейді налып.

Балаларым майып болмасын деді ме, әлде сындырғанына ұялды ма, балаларын жетелеп енді мұнда келмейтіндей болып өкпелеп кетті. Одан кейін, салмағы орта есеппен 100 келідей келетін кірпік жабыстырып алған апай келіп сау әткеншектердің біріне келіп отыра кетті. Шаршап отырған болар -деп топшыладық.

Жастық шағын еске алды ма, құлағына таққан құлаққаптан шыққан әуенге елітіп, тербеле кетті. Астындағы әткеншекке жаным ашып, әпкеге бұның балалар үшін арналғанын түсіндіргендей болып едім, түкірігі бетіме шашырап кетпесі бар ма?

- Өзім білем, сынса тағы жасай салады. Жаның ауырмасын!

Анадай көкбетпен дауласуға, дух жоқ, қазықша қадап тастаса, өзім майысып зорға жүргенде майып болармын.

Одан да өкімет кінәлі бола берсін! Адамға сана бермесе бәрі бекер! Осы әйелдің әткеншектен тұрғанын сонадайда тұрған алкаш аңдып-ақ тұр екен. Босаған орынға келіп, әкесінің үйінде жатқандай шалжиып жата кетті.Айналдырған жарты сағаттың ішінде алаңдағы осынау көрініске куә болып, шынында да өркениетті ел екенбіз, деген ой туды" - деп жазды ол.