Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Өнер иесі “Қазақстан халық партиясы” ютуб арнасына берген сұхбатында отбасын құрып, кейін жары мен балаларын тастап кететін азаматтарды сатқын деп атады.
”Ерлі-зайыптылар жанұя құрған кезде бірге үлкен сапарға аттанады. Ал сапарда серігің сенімді болу керек. Сенімсіз адам жолда тастайды, аш қаласың. Орта жолдан бала-шағасын тастап кетіп жатқан ер-азаматтар сатқын адамдар. Әйеліне бар кінәні артып, баламен тастап, басқа жас қатынды алып кетеді. Ондайлар көп, көріп жатырмыз. Бірақ содан бақытты болып кеткен ер-азаматты көрген жоқпын. Өзінің бала-шағасын тастап кеткен сенімсіз еркекке ақымақ қыз еріп, қалай болашағының кілтін тапсырады?! Мен соны білмеймін. Ондай ер-азаматтар қыздарды гүлмен, махаббатымен баурап алатын шығар. Соған сеніп қалып, бармағын шайнап қалып жатқан жас қыздар қаншама?!”, - дейді ол.
Сондай-ақ, ол қоғамдағы ажырасу көрсеткішінің артуына алаңдаушылық білдіріп, оның салдары ең алдымен балалардың тағдырына әсер ететінін айтты.
“Статистика бойынша біздің қоғамда 100 жанұя құрылса, соның 60-ы ажырасып кетеді. Қазақстан ажырасу жөнінен әлем бойынша көш бастап тұр. Ортадағы бала толық отбасында өспейді. Ол байғұстың қандай азамат болатынын бір Құдай біледі. Қазір баласын жалғыз тәрбиелеп отырған қыздарды көп кездестіремін. Олардың басым көпшілігі екінші рет тұрмысқа шыққысы келмейді. Сонда олар жасы 30-ға жетпей не еркек емес, не әйел емес түсініксіз ортада қалып қоятынын сезбейді.
Қазір қызығушылық көп. Адам бос уақытын түрлі нәрсемен толтырады. Ол телефонда көп отыруы, саяхатқа шығуы мүмкін. Сол үшін адам өзін еркінмін деп ойлайды. Ертең кәрілік келеді. Кәріліктен кейін жалғыздық келеді. Ол кезде оңай болмайды. Сондықтан адам өзінің дәнін ертерек себуді, болашағын ойлау керек. Кішкентайынан осыны құлағына сіңіру керек. Қазақ “барған жерге тастай батып, судай сің” деп бекер айтқан жоқ. “Өлігің осының үйінен шықсын” деген де сөз бар. Бұл сөздермен неге келіспеймін?! Таңдау дұрыс болу керек. Ол үшін қыз бала кішкентайынан жақсы мен жаманды айыра білу керек”, - дейді Ардақ Балажанова.