Орталық Азия елдерінде БҰҰ-ның есірткіге қарсы жаңа күрес жобалары жүзеге асырылады

Қауіпсіздік Кеңесінің 17-маусымдағы отырысында Ауғанстан апиыны мен героинының жолында қалқан ролін атқаратын мемлекеттерге қолдау көрсетуді күшейту жөнінде шешім қабылданды.

Тәжікстанда осы бағытта халықаралық 13 жоба жүзеге асырылуда. 1-шілдеден бастап бұл республикада БҰҰ-ның есірткі мен қылмысқа бақылау қою басқармасының тағы үш жобасы жұмыс істей бастайды. Тәжікстанның БҰҰ-дағы өкілі Рашид Алимовтың айтуынша, "аталмыш жобаларды жүзеге асыру - қаржылық қолдау, арнайы техника және жабдықпен қамтамасыз ету, Тәжікстан күш құрылымдары мен құқық қорғау мекемелері қызметкерлерін, сондай-ақ, Ресей Федерациясының Тәжікстандағы Федералдық шекара қызметінің шекарашыларын оқыту арқылы заңсыз есірткі тасымалына тосқауыл қоюға бағытталады".
Ал Қырғызстанда БҰҰ-ның көмегімен Тәжікстандағы сияқты есірткіге бақылау қою Агенттігін құру туралы шешім қабылданған. Өзбекстанда жүзеге асырылатын жаңа жобаның мақсаты - прокуратура қызметкерлеріне арнап ұлттық мәліметтер жинағын құру болып табылады.