Орталық Азия республикалары мен Қазақстанда азық-түлік өнімдерін байыту процессін заңнамалық тұрғыда бекіту қажет

Орталық Азия аумағы мен Қазақстанда азық-түлік өнімдерін микроэлементтермен байыту жөніндегі жобаны Азия даму банкі Жапонияның кедейлікті азайту жөніндегі қоры мен қатысушы ел үкіметтерінің қаржылай қолдауымен 2001-жылдың қазан айында қолға алған. Конференцияға қатысушылардың пікірінше, табысты аяқталған жобаның бірінші сатысына 7,09 млн. доллар қаржы жұмсалды. Жапониялық қор гранттың басым бөлігін, яғни, 6,85 млн. долларын бөлді. Қатысушы елдердің үкіметтері 240 мың доллар шығарды.

Азия даму банкінің Шығыс және Орталық Азия департаментінің бас директоры Мухаммед Тусниманың айтуынша, халықаралық жобаның бірінші сатысын жүзеге асыру барысында қатысушы елдердің барлығы да әмбебап йодталған тұзды тұтыну және өндіру мөлшерін анағұрлым арттырды. "2004-жылдың маусым айында Қазақстан, Қырғызстан, Монғолия және Тәжікстан республикаларында әмбебап йодталған тұзға қол жеткізу көрсеткіші ішкі рыноктағы тұз тұтыну мөлшерінің 66 процентін құрап, межелі мөлшерден артты. Өзбекстанда бұл көрсеткіш 85 процентке жетіп, елге 2005-жылы мақсатты түбегейлі шешуге мүмкіндік туғызды",- деді ол.
Орталық Азия республикалары мен Қазақстан тұрғындары арасындағы микроэлемент тапшылығына қарсы күресте қол жеткізілген жетістікті нығайта түсу үшін Азия даму банкі азық-түлік өнімдерін байыту жөніндегі аймақтық бағдарламаларды жүзеге асыруға 2 млн. доллар көлемінде жаңа грант бөлу туралы шешімді бекітті. М.Тусниманың айтуынша, грант байытылған азық-түлік өнімдерін өндіру және сату саласындағы мемлекеттік бақылау жүйесі мен заңнамаларды жетілдіруге, сондай-ақ, оларды ішкі рынокта сату процессін жеңілдететін келісімдерге қол қоюға бағытталады.
Ағзадағы йод және темір тапшылығына байланысты аурулардың алдын алу және емдеудің маңызына тоқталған конференция қатысушылары, дейтұрғанмен, микроэлементтермен байытылған өнімдерді тұтыну нәтижелерін паш ететін статистикалық мәліметтерді келтірмеді. Мұндай статистика Қазақстанда да жоқ.
Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шармановтың айтуынша, осыдан 9 жыл бұрын жүргізілген зерттеулер көрсеткеніндей, оған қатысқан қазақстандықтардың 48 процентінде темір тапшылығы анемиясы анықталды. Зерттеуге қатысушылардың 70 проценті бала емізуші аналар болған.
"Тамақтану барысында йодталған тұз бен байытылған ұнды тұрақты тұтыну нәтижелерін көрсететін салыстырмалы статистика бізде жоқ, бірақ бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр",- деді академик. Ол сондай-ақ, жекелеген дәрігерлер тобының арасында қалыптасқан йод жетіспеушілігімен және темір анемиясымен адамдардың денсаулығына байытылған өнімдер тұтыну зиян шектіреді деген пікірді жоққа шығарды.
Ал жоба коммерциялық мақсатты көздеуі мүмкін бе деген журналистер сауалына жауап берген ЮНИСЕФ өкілі Хуан Агиляр мұны жоққа шығармады. "Жобаның бірінші сатысын жүзеге асыру кезеңінде грантқа бөлінген 6,5 млн. доллар қаржы құрал-жабдық пен азық-түлік өнімдерін байытуға арналған қоспаларды алуға жұмсалды. Ал екінші сатыда мұндай өнім өндірушілерге былтырғыдай ауқымды қолдау көрсетілмейді. Ендігі жерде өнім өндірушілер құрал-жабдық пен қоспаларды өз қаржысына сатып алады",- деді ол.