Үш күнге созылатын семинардың басты мақсаты - сыртқы көздерден қаржылық және қаржылық емес құралдарды іздеудің қазіргі қолданыстағы және жаңаша мүмкіндіктерін ортаға салу. Тренинг жұмыстарын фандрейзинг технологиясы жөніндегі танымал жарияланымдардың авторлары болып табылатын Еуропалық сарапшылар өткізбекші. Олар қаржыландыру көздерін іздестірудің ұлттық, аймақтық және халықаралық деңгейдегі қазіргі заманғы бағыттары туралы ақпаратпен бөліседі.
Семинар бағдарламасына сәйкес Қазақстанда жұмыс істейтін донорлық ұйымдар өкілдерімен дөңгелек үстел өткізу көзделген. Олардың арасында Сорос-Қазақстан Қоры , Евразия Қоры , Каунтерпарт Консорциум, Фридрих Эберт қоры тәрізді донор ұйымдар бар. Ұйым өкілдері Орталық Азия аймағындағы қаржылық қолдау бағыттары туралы әңгімелеп бермекші.
Сондай-ақ, қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері халықаралық және жергілікті ірі коммерциялық компаниялардың өкілдерімен кездеседі. Кездесуде олардың филантропия саласындағы саясатының тұсаукесері өткізіледі деп межеленген. Сонымен бірге Орта Азиялық үкіметтік емес ұйымдар мен университеттер өкілдері қаржы көздерін іздестіру жолдары жөніндегі өз тәжірибелерімен және осы бағыттағы табыс-жетістіктерімен бөлісіп, фандрейзинг саласындағы ең озық табыстар жұртшылық назарына ұсынылады.