Орталық сайлау комиссиясы президенттіктен үміткерлерлерді заңдағы талаптарға сай деп тапты

Қазақстан президенттігінен үміткерлердің атын ұсыну 8-қыркүйекте басталды. Қазіргі жағдаймен Орталық сайлау комиссиясына президенттіктен үміткер ретінде атын ұсынатыны туралы төрт адам өтініш берді. Атап айтсақ, "Отан" Республикалық саяси партиясы" қоғамдық бірлестігінің атынан қазіргі президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, "Әділетті Қазақстан үшін" Демократиялық күштер блогы" Республикалық қоғамдық бірлестігінің атынан Жармахан Тұяқбайдың аты ұсынылса, сенат депутаты Уәлихан Қайсаров пен Алматылық кәсіпкер Сәлім Өтен өз бетімен атын ұсынды.
Үміткерлердің бәрі де Орталық сайлау комиссиясының лингвистикалық комиссиясына қазақ тілінен емтихан тапсырды. Заң бойынша үміткерлерге қойылатын басқа да талаптарға бәрі сәйкес деп танылды.
Конституцияға сәйкес, президенттікке Қазақстан Республикасының жасы 40-тан асқан, қазақ тілін жетік меңгерген және Қазақстанда 15 жылдан кем емес уақыт тұратын тума азаматтар сайлана алады.
Қазақстандағы президент сайлауы 2005-жылдың 4-желтоқсанында өтеді.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті