Орталық сайлау комиссиясы қыркүйекте саяси партиялар арасында теледебаттардың қосымша үш раундын өткізуді ұсынды

З.Балиеваның хабарлауынша, Орталық сайлау комиссиясының есебінен өткізіледі деп жоспарланып, жарияланған төрт теледебатты өткізу мерзімі енді өзгертілмейді. Осы орайда естеріңізге сала кетсек, кеше бірнеше саяси партия теледебаттарды өткізу мерзімін өзгерту туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясына ресми өтініш білдірген болатын.

"Осы мәселе бойынша ҚР Орталық сайлау комиссиясының өкілдері телеарна басшыларымен кездесіп, өзара келісімге келген",- деді З.Балиева. "Бүкіл саяси партиялардың қатысуымен 3,7 және 11-қыркүйекте тағы да 3 теледебат өткізіледі. Бұлар Астанада өткізілуі мүмкін",- деді ол.
ҚР Орталық сайлау комиссиясы 2 теледебатты қазақ, 1 теледебатты орыс тілінде өткізуді ұсынып отыр. Атап айтсақ, 11-қыркүйекте "Лаңкестік - әлемдік тауқымет" тақырыбындағы пікір-сайысты орыс тілінде, ал 3 және 7 -қыркүйекте "Ұлтаралық келісім- тұрақтылық кепілі" және "Мәдени мұра құндылықтары" тақырыбы бойынша теледебаттарды қазақ тілінде ұйымдастыру ұсынылды.
3 және 7 -қыркүйектегі теледебат "Қазақстан", 11-қыркүйектегі теледебат "Хабар" телеарнасында өткізіледі деп күтілуде. Алғашқы төрт дебаттағы сияқты пікір-сайыстар 50 минутқа созылмақшы.
Теледебаттар саяси партиялардың есебінен өткізіледі. "Саяси партияларға әрбір теледебат үшін 300 мың теңге аудару жөнінде ұсыныс жасалды",- деді З.Балиева. "Бұл анау айтқандай орасан қаржы болмағанымен, аз деуге де келмейді. Теледебат өткізу оңай шаруа емес, телеарналар тегін жұмыс істей алмайды",- деді ол.