Өртеніп кеткен «АDEM» сауда үйінің сақтандыру төлемі анықталды

5,3 млрд теңгені құрады. Әзірге бұл соманың нақты қаншасы ғимарат иесіне, қаншасы кәсіпкерлерге берілетіндігі белгісіз. Бұл туралы «Еуразия» сақтандыру компаниясының директоры Борис Уманов айтты.

«Бір ғана ғана ғимарат жанып кетті. Төленетін сақтандыру сомасы 5,3 млрд теңге. Ал, кәсіпкерлердің тауарына қатысты айтсақ, бізге олардың ішінен 7 тұлға ғана жүгінді. Жалпы сома 10 млн теңгедей болады. Бұл соманың өзін тек қазақстандық сақтандыру компаниясы ғана емес, 20-ға жуық сақтандыру компаниялары төлейтін болады. Өйткені, нысанды сақтандырған қазақстандық компания оған қатысты тәуекелділікті қайта сақтандыруды Таяу Шығыстағы елдердің біріндегі резидентке өткізіп берген. «Еуразия» СК АDEM-де бірнеше сауда дүңгіршігін, ломбардтың және туристік агенттіктің мүлкін сақтандырған болатын», - деді Б.Уманов.

Оның айтуынша, сақтандыру қаржысын төлеу бір жылдың көлемінде жүзеге асуы мүмкін.


Айта кетейік, Алматыдағы «АDEM-1» ірі сауда орнында  26 сәуірде түнгі он бір шамасында өрт шыққан болатын. Қызыл жалын 25 мың шаршы метрді шарпыды. Төтенше жағдай салдарынан 2 мың кәсіпкердің 3 мыңға жуық дүңгіршігі өртеніп кетті. Қазір аталған дерек бойынша қалалық ІІД қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдары жүріп жатыр.