Өрттен құтқару спорты бойынша VI әлем чемпионатында Қазақстанның құрама командасы ең үздік бестіктің қатарына енді

Өрттен құтқару спорты бойынша VI әлем чемпионаты өткен тамыз айының 29-ы күні Украинаның Донецк қаласында өтті. «Олимпийский» стадионында күш сынасуға Қазақстан, Ресей, Украина, Беларус, Чехия, Словакия, Германия, Эстония, Латвия, Болгария, Венгрия, Өзбекстан және Әзербайжан мемлекеттерінің құтқарушылар командалары қатысты.

Қазақстандық спортшылар бұл бәсекеде Словакия, Германия, Эстония, Латвия, Болгария, Венгрия, Өзбекстан мен Әзербайжаннан келген әріптестерін айтарлықтай басымдықпен озып, бесінші орынға табан тіреді.

Ұлттық құрама командаға ТЖМ-ның Оңтүстік, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстары мен Ақмола облысы бойынша құрылымдарының қызметкерлері енді.

Еске сала кетейік, өткен жылғы чемпионатта біздің команда тек тоғызыншы орынды иеленген болатын. Сондықтан бұл жолғы додағы олар үлкен дайындықпен барды.

Халықаралық бәсекедегі жетістіктерімен команданың ШҚО бойынша өкілдерін, жаттықтырушылар мен облыс бойынша ТЖ Департаментінің басшылығын бұл өңірге Қазақстан мен Ресей Республикаларының Аймақаралық ынтымақтастығының VII-ші форумына қатысуға келген ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко құттықтады.