Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Мәжілістің су жаңа төрағасы жайлы депутат Қазыбек Иса былай депті.
"Ерлан Қошанов - ең алдымен ұлтшыл саясаткер!
Осыдан 4 жыл бұрын 2018 жылы Ерлан Қошанов Қарағанды облысы әкімі кезінде біз “Қазақ үні” газетінде “Нағыз ЕР! Облыс әкімі орысша құжат сұратуға тыйым салды”-деген мақала жаздық.
Онда “Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов орыс тілінде құжат сұратуға тыйым салды. Бұл туралы ютуб әлеуметтік желісінде таралған бейне жазбада айтылған.”-деп жазып, видеоны салдық сайтымызға.
Сайтымызда бір күнде 30 мыңға жуық адам оқып, жүздеген қолдау пікір жазылды. Қазір қарасам, 61 305 адамға жетіпті оқығандар. Фейсбуктағы парақшамызда да жұрт мыңдаған қолдау білдірді.
Сарыарқаның сайын даласында ат құлағында ойнап өскен Ерекеңнің домбыраның құлағында да ойнайтын дәулескер күйші екенін екінің бірі біле бермейді.
Ерлан Қошановтың әкім кезінде Қарағанды облысында ұлттық идеологиялық, рухани шаралар дүрілдеп өтіп тұрды. Қарағандының қақ төріне қазақтың ақиық ақыны Қасымның ескерткіші бой көтерді. Қаз дауысты Қазыбек бидің мерейтойы, тб мәдени-рухани шаралар елдің ерекше ықыласын оятты. Ұлттық рухани нәр алған өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті де артып, ел еңсесі көтеріліп қалған еді. Сондықтан да Ерлан Қошанов әкімдер рейтингінде алдыңғы қатардан түспей кетті.
Президент әкімшілігі жетекшісі ретінде де еліміз тарихындағы ең бір қиын кезеңдерде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үмітін ақтап, сенімді серігі бола білді.
Ерекеңнің бойындағы ұлтшылдық- мемлекетшілдік қасиет енді Парламентте де өз жемісін береді деп сенеміз. Мәжіліс төрағасы ретінде алғашқы сөзін тек мемлекеттік тілде айтқаны да көп жәйтті аңғартса керек.
Ерлан Жақанұлына заң шығарушылық жұмыс таңсық емес. Ол 1995 жылы 33 жасында алғашқы сенаторлардың бірі болды. Кейін де үкіметтің парламенттегі өкілі болып қызмет атқарған. Еліміздегі жоғары лауазымдық қызметте Ерекеңе Ақ жол тілейміз!
Парламент Мәжілісін тура он жыл басқарған Нұрлан Нығматулинмен депутаттар тік тұрып қоштасып, қошемет білдіріп шығарып салды. Содан-ақ Нұрлан Зайруллаұлының қандай спикер болғанын білуге болатын шығар.
Бұрын Мәжіліске тойға келгендей жайланып келетін министрлер Нұрекеңнің кезінде ойланып келетін болды… Олардың баяндамасын басынан аяғына дейін жіліктеп шағып, кемшілігін жіпке тізіп бергенде, жіптіктей болған министрлер темір төрағаның алдында емтихан тапсырған оқушылардай болып тұратын…
Нұрекеңе де Ақ жол тілейміз.
Иә, Парламент ең алдымен халықтың қамын, ұлттың мүддесін қорғауы тиіс!
Ел аман, жұрт тыныш болсын!",- деп жазды Мәжіліс депутаты Қазыбек ИСА.