Палатаның жалпы отырысында сөз сөйлеген ҚР үкімет басшысының орынбасары әрі ауылшаруашылығы министрі Ахметжан Есімовтың айтуынша, "заң жобасының басты мақсаты - өсімдік шаруашылығы саласындағы өнім өндірушілердің мүліктік мүддесін қолайсыз табиғи құбылыстардың залал-зардабынан сақтау болып табылады".
Оның айтуынша, "астықты өсіруге жұмсалған жанар-жағармай, айлық жалақы, тұқым және гербицидтер алу мақсатына жұмсалған шығындарды сақтандару міндетті болып саналады. Ал әлдебір себептермен жіберіп қойған, қолға түспеген пайда сақтандырылмайды". Заң жобасында сондай-ақ, республикалық бюджеттен субсидия бөлу жолымен өсімдік шаруашылығы саласындағы міндетті сақтандыру шарасына мемлекеттік қолдау көрсету мүмкіндігі де ескерілді. Бұл қаржы сақтандыру оқиғасы туындаған жағдайда сақтандырушы жұмсаған төлемдерді жартылай болса да өтеп беруге жұмсалады. А.Есімовтың айтуынша, бұл мақсатқа 2004-жылғы республикалық бюджетте 2 млрд. теңге қарастырылды.
"Өсімдік шаруашылығы саласындағы міндетті сақтандыру туралы " заң жобасы сенат тарапынан енгізілген түзетумен мәжіліске кері қайтарылды.