OSI/NY бағдарламасының директоры Қазақстан Республикасы үкіметін мұнай және көгілдір отын саласында қол қойылған келісім шарттарын жария етуге шақырды

"Қазақстанның шикізат секторындағы кірістің қалыптасуы мен жұмсалуына мониторинг жасау" деген тақырыппен ұйымдастырылған дөңгелек үстелде "Caspian Revenue Watch" (OSI/NY) бағдарламасының директоры Светлана Цалик осындай мәлімдеме жасады.

" Ресурстарды басқаруда кездесетін барлық қиындықтар мен кедергілерді Қазақстан үкіметі жақсы ұғынып отыр",- дейді С.Цалик. "Үкіметтің макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ете алғаны айрықша маңызды",- дей келіп ол елімізде Ішкі Жалпы Өнімнің тұрақты өсіп келе жатқанын, инфляция деңгейінің төмендігін, Қазақстан мұнай қорындағы қаржының 2 млрд. доллардан асуы - оңды көрсеткіш екеніне ерекше тоқталды.
С.Цаликтің пікірінше, "Бүгінде орасан көлемде қаржы жұмсап отырған Қазақстанда мұнай қорының болашақ ахуалы сол қаржының қалай, қайда жұмсалатынына, дәлірек айтсақ, Қазақстан экономикасының ас қорыту қабілетіне байланысты болмақ. Бұл қорды толықтыра түсетін компаниялар, көптеген елдердегідей салыққа төлейтін төлем мөлшері туралы есеп бермейді".
Сондай-ақ, С.Цалик Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік компанияларға да арнап үндеу тастады : "Біз шетелдік компанияларды да өздерінің тауып отырған пайдасын өз еркімен жария етуге шақырамыз. Қазақстанда жұмыс істейтін компаниялардың бұқара назарына ұсынатын қаржылық есебі халықаралық талаптарға сай болуы тиіс."
Бұдан бұрын хабарланғанындай, аталмыш дөңгелек үстел - қоғамдық проблемаларға талдау жасау Орталығының "Қазақстанның шикізат секторындағы кірістің қалыптасуы мен жұмсалуына мониторинг жасау" деген тақырыптағы жаңа жобасын жүзеге асыруға бағытталған алғашқы шара болмақ.
Жобаның бастамашысы - Ашық Қоғам Институты.
Жоба Каспий аймағындағы кірісті жариялы болдыру жөніндегі "Caspian Revenue Watch" (OSI/NY) бағдарламасының жалғасы болып табылады.
Жоба мақсатына сәйкес Қазақстанның шикізат секторындағы кірістің қалыптасуы мен жұмсалуына мониторинг жасаудың жариялы механизмін жасау - Орталық жұмысының басты бағыттарының бірі .
Бірқатар халықаралық ұйымдар қаржыландыратын аталмыш жоба 2 жылда жүзеге асырылады.