Шәкәрім Буктугутовтің айтуынша, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Жәнібек Кәрібжанов қалалық биліктің "ИР-групп" ЖШС-імен келісім-шартын бұзу жөніндегі сұранымына өз келісімін берді. "Инвестор атанған компания "Водоканалдың" жағдайын ушықтырып жіберген. Тұрақты болатын апаттар мен осындай апаттарды ұдайы күту қала халқының зықысын шығарды",- деді қала әкімі шешімнің себептеріне берген түсініктемесінде. Оның айтуынша, қазір арнаулы комиссия келісім-шартты бұзу жұмыстарымен айналысып жатыр.
Шәкәрім Буктугутовтің айтуынша, тексеру барысында басқарушы компанияның өз міндеттемелерін "небәрі 15 - 20%-ке ғана" атқарып келгені анықталды. ""ИР-групп" ЖШС облыстық коммуналдық шаруашылық құрылымымен шартқа отырғаннан кейін атқаруға тиіс болған уәделері мен міндеттерін орындамаған",- деді әкім. Оның айтуынша, қала басшылығы су шаруашылығы саласындағы тауқыметтерді өз күшімен шешпекші. "Таяу уақыттарда қаржы көзін қарастыратын боламыз. Бірінші кезекте банк құрылымдарынан несие алу, бағаны көтеру және өндіріс шығындарын азайту арқылы қаржы таппақшымыз",- деді Ш.Буктугутов.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, "Өскемен-Водоканал" МКК директоры Владимир Матюшкиннің айтуынша, 2006-жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорынның шығыны 105 млн теңгеге жетті. Сонымен бірге, оның хабарлауынша, Өскемендегі су құбыры желілерінің үштен бір бөлігі толықтай тозығы жеткен және ол таяу уақыттарда тез арада ауыстырылуға тиіс. Су қамтамасыздығы мен кәріз жүйесінің ескірген құбырларының көлемі 38 процентке жетеді.
Өскеменде 314 мың адам тұрады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті