Өскемен қаласы жылу маусымына 98 % дайын


Өскемен қаласында шаһар басшысы Темірбек Қасымжановтың бұйрығымен алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары 1 шілдеден бастау алған. Қала әкімінің орынбасары Владимир Головатюктің басшылығымен арнайы штаб құрылған. Жұмыс нәтижесінің қорытындысы бойынша Өскемен қаласы 98 % жылыту маусымына дайын.

Айта кету керек, жылу жүйелерінің даярлығы 100 %-ды құрағанмен мәселе жылу қабылдайтын тараптан туындап отыр.

- Штаб жұмысы өз нәтижесін берді. Әрбір жергілікті өзін-өзі басқару аумағына барып, жеке пәтер иелері кооперативтерінің қатысуымен жиналыстар өткіздік. Егер біз 2012 жылы жылыту маусымы басталар алдында дайындық барысы 75 %-ды құраса, өткен жылы 92 %, ал биыл 98 %-ды құрап отыр. Әлбетте біз 100 % дайын болуға тырысамыз. Қалған 2 % жеке пәтер иелері кооперативтерімен тұрғындар арасындағы өзара түсіністіктің болмауынан туындап отыр. Көбіне мәселе тұрғындар тарапынан туындайды. Бүгінгі таңда тұрғындардың жеке пәтер иелері кооперативтеріне пайдалану шығысының қарызы 251 млн. теңгені құрайды. Айналым қаражатының жоқтығынан жеке пәтер иелері кооперативтері жоспарланған жұмысты дәл уақытында орындай алмай отыр, - деді қала әкімінің орынбасары Владимир Головотюк.