Өскемен тұрғынынан полиция 16 килограмнан астам марихуана тәркіледі

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, есірткі күдіктінің үйінен табылған. "Дорбаларға мұқият салынған марихуана барлық бөлмелерге жасырылыпты. Сонымен бірге жертөледен табылған қаптан шамамен 2 килограмм марихуана салынған 8 дорба шықты. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 16 килограмм 100 грамм болды",- деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Тұтқын өзінің "марихуананы жеке тұтыну үшін алдағы бес жылға арнап дайындап қойғанын" жеткізген.

Қазір оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Жалпы арнаулы операция жүргізілген үш күнде Шығыс Қазақстан облыстық полицейлер есірткіге қатысы бар 25 қылмыстың, соның ішінде оны сатуға қатысты 10 деректің бетін ашты. Облыс бойынша есірткі сатылатын бес орын анықталып, 56 адам тіркеуге алынды. 16 килограмм 650 грамм есірткілік заттар, соның ішінде 30 грамм героин заңсыз айналымнан шығарылды.

Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында заңсыз есірткі айналымына қатысты 685 қылмыс әшкереленген, оның 375-і сатуға қатысты. Заңсыз айналымнан 290 килограмм есірткі, соның ішінде 1,5 килограмм героин алынды.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті