Өскеменде батпаққа батқан тұрғындар шу шығарды

Тұрғындардың аяқ киімдері жолға дейінгі және одан кейінгі деп екіге бөлінеді. Сондықтан оны қос-қостан қолтықтап жүру қалыпты жағдай. Жолдың азабын әсіресе мектеп оқушылары тартуда. Білім ошағына жету үшін олар батпаққа толы бес шықырымды жаяу бағындыруға мәжбүр.

Роза Рахметова, Өскемен қаласының тұрғыны:

-Түнде келеді.. Қыстың боранын қайтеміз. Балаларды ойлап отырамыз. Алдынан шығамыз. Қашанғы отырамыз бүйтіп, сондықтан қоғамдық көліктің келуін жасаса.

Астаң-кестеңі шыққан ауданға қоғамдық көлік тұрмақ, таксидің өзін келтіре алмайсың. Үйіңде жатып өліп кетсең де, лайдың кесірінен жедел-жәрдем көлігі де аттап баспайтын көрінеді. Осы бассыздықты айтып тұрғындар талай мәрте жергілікті билікке шағымданған.

Зәріпхан Жарасбаев, Өскемен қаласының тұрғыны:


-Жазбаған жеріміз жоқ. Жауап біреу-ақ. Біз қарастырамыз. Ойымызда бар, келешекте болады дейді. Одан басқа жауап жоқ.

Ал, атқарушы билік жолдың жыртығын жамап, қисығын бүтіндеп шаршағандарын айтуда. Төселген кұм-тастарды жауын шайып кетеді деп сылтауратты.

Бауыржан Құдияров, Өскемен қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

-Бұл жағдай бізге жақсы таныс. Оны шешуге күш салып жатырмыз. Өкінішке орай, судың кесірінен еңбектің бәрі еш кетуде.

Шенділердің ықшамауданға құны бір жарым млрд. болатын жол салып беру жоспары бар. Тіпті Үкіметке ұсыныс жасап қойыпты. Алайда мұндай қомақты қаржының қазынадан бөлінуі екіталай. Сондықтан, бұқараның көрер қорлығы алда.