Мына бір топ жұмысшы шахардағы ірі «ЕСК» деген құрылыс қомпаниясында еңбек етіп жүргендер. Бес айдан бері ақшаның бетін көрмепті. Мекеме бұлардың бас баспасына кем дегенде 300 мың теңгеден берешек.
Манарбек Рамазанов, жұмысшы:
-Ең қиын боп тұрғаны мына кредит. Шыдамның да шегі бар. Қашанғы шыдаймыз, анау қарашадан бері шыдап келеміз.
Осы уақытқа дейін құрғақ уәдеге тойып, қолдарына көк тиын тимеген құрылысшылар пәтер ақысы мен несиесін төлей алмай жүр. Отбасын асырау үшін қарызға белшеден батқан. Жалақы даулағандардың жалпы саны отыздан асады. Мекеме қожайыны болса бір айдан бері қарамағындағылармен кездесуден қашып жүр екен.
-Бүгін ертең дейді, 4 ай болды ғой. Бізде кінә жоқ дейді, әкім қол қоймай отыр дейді.
Жалақының төленбей отырғанын компания басшылығы осылай деп түсіндірген. Тендер арқылы ұтып алған нысандарға жергілікті әкімдіктен ақша бөлінбей жатыр-мыс. Бірақ, базыналарын айтуға басшылықтың кеңсесіне келгендер күзетшіден ары қарай өте алмады. Жұмысшыларымен кездесуге қожайынның қолы босамай жатыр екен.
Айжан Сапарғазина, құрылыс компаниясының бөлім басшысы:
-Наш директор выбивает, ой не выбивает а занимается сейчас кредитом чтобы выплатить...
Аты аталған құрылыс компаниясы осы өңірде біраз нысанды салған. Республикалық және облыстық бюджеттен ұсынылатын тендерлерге қатысыпты. Қазір де бір топ бригадасын Зырян қаласында салынып жатқан балабақшаға жіберген екен.