Өскеменде еркін күрестен жастар арасында чемпиондар анықталуда

31 қаңтарда басталған бұл дүбірлі додада 50 келіде алматылық Нұрлан Тұрған чемпион атанды. Мұндай мәртебеге 60 келіде жамбылдық Мейіржан Әшіров, 74 келіде шығысқазақстандық Әбубәкір Торғаев, 96 келіде оңтүстікқазақстандық Ермұхамбет Іңкәр де ие болды. Онда Алматы қаласы мен Жамбыл және Оңтүсік Қазақстан облыстарында бір-бірден алтын медаль; Шығыс Қазақстан облысында - 1 алтын, 1 қоладан; Ақмола мен Қызылорда облыстарында 1 күміс, 1 қоладан; Астана қаласы мен Қостанай облысында бір-бір күмістен; Ақтөбе мен Павлодар облыстарында - екі-екі қоладан, ал Қарағанды облысында 1 қола жүлде бар.

Бүгін енді - 55, 66, 84 және 120 келі салмақтағы жеңімпаздар анықталады. Жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Манарбек Қыстаубаевтың айтуынша, бұл жарыстың қорытындысы бойынша 31 мамыр мен 3 маусым аралығында Алматыда өтетін Азия чемпионатында ел намысын қорғайтын команда жасақталмақ.