"Бағаның қымбаттауы бірінші кезекте ауыл шаруашылығы өнімін өңдеумен айналысатын жергілікті кәсіпорындар бағаларының өсуімен байланысты болып отыр", - деп ақпарат берді ведомство өкілдері.
Наурыз айында пастерленген "Эмиль" ЖШС және "Шығыс-сүт" ЖШС сүтінің бағасы әр литріне 90 теңгеден 100 теңгеге қымбаттады. Сауда орындарында сүт бағасы орта есеппен алғанда литріне 107 теңгені құрап отыр. Өскемендегі сүт өнімдерінің бағасы Қазақстан Республикасындағы орташа көрсеткіштен төмен. Мысал үшін елдегі пастерленген сүттің орташа бағасы 113 теңге болса, айран - литріне 130 теңгеден сатылуда.
Қазіргі таңда 1 сұрыптың ұнының бағасы килосына 80 теңгені құрап отыр. Ол осыдан бір ай бұрын 78 теңге болған еді. "Өскемен ұн комбинаты" ЖШС 1 сұрып ұнының шығарылу бағасы килосына 63 теңге. Ал дүкендердегі ұн бағасының ең төменгі шегі килосына 65 теңге болып отыр.
Ұн бағасының өсуі нан өнімдері бағасының қымбаттауына алып келді. Бірқатар сауда орындарында 1 сұрып ұнынан дайындалған 1 бөлке нан бағасы 50 теңгеден 55 теңгеге көтерілді. Әлеуметтік нан 114 сауда орынында әр данасына 43 теңгемен сатылып жатыр.
Бөлім ақпаратына сүйенсек, Өскемен қаласында нан мен 1 сұрып ұнының бағасы республикадағы орташа көрсеткіштен жоғары болып отыр. Дегенмен, еліміздің 18 ірі қаласының алтауында жоғары сұрыптағы ұннан дайындалған нан бағасы басқаларынан жоғарылау болса, 5 қалада 1 сұрып ұнынан жасалған нан қымбат болып тұр.
Сонымен қатар, бағаны тұрақтандыру үшін 774 тонна картоп қоймада сақтаулы тұр. Қазіргі күні қаланың сауда орындарында 400 тоннасы килосына 60 теңгемен сатылса, 304 тонна бюджеттік ұйымдарға килосына 53 теңгемен таратылған. Бірқатар дүкендерде картоп килосына 70 теңгемен сатылуда. Ал оның республикадағы орташа бағасы 90 теңгені құрайды. Ал сәбіздің орташа бағасы 78 теңге бол тұра, 40 теңгемен сатылу үстінде.
"Қазақстан Республикасындағы орташа бағалармен салыстырғанда Өскеменде ағымдағы жылдың наурыз айында ет өнімдері, күнбағыс майы, қарамық жармасы, күріш, қызылша және пияз бағасы арзан болды. Тауарларды әлеуметтік жағынан қорғалмаған халыққа арзандатылған бағамен сату үшін арнайы дүкендер ашылған. Ондағы өнім бағасы қаладағы орташа бағадан 5 - 10 пайызға арзан", - деп атап көрсетті мекеме өкілдері.