Құлаққа ұрған танадай тыныштық. Айдалада жыбырлаған аң да, жан да көрінбейді. Тек Айжан Меңдіғалиева ғана жолға қарап алаңдап жүр.
Айжан Меңдіғалиева, Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны:
-Аяғы ауыр келініміз бар. Орталыққа ерте апарып тастадық бір ай бұрын. Мынау жол жабылып қалғалы біз үшін өте қиын болды. Соны енді келгенде қалай әкелеміз, қалай хабарласып тілдесеміз орталыққа? Бізде мүмкіншілік жоқ боп тұр қазіргі жағдайда.
Шопандарды шырылдатқан мына бағандар. Теміржолшылар «Тальго» пойызы жүреді деп көлік өтетін жолдарды түгелдей жаптырып тастапты. Салдарынан, қыстақта қоныстанған шаруалар көлігімен ешқайда да шыға алмай қалған.
Берік Меңдіғалиев, шопан:
-Малға жем-шөпті тасу, әкелу қиындау болып отыр. Алып келу үшін енді көп шығын кетеді. Айналып өтіп көп жермен жүретін жағдай болып жатыр.
Жүрсе тек тау-тастың арасымен ғана өтеді. Оның өзінде маңайдың бәрі тікенекті сыммен тартылған.
Василий Гладышев, шаруа қожалығының басшысы:
-Теміржол компаниясы қойған бағаналардың зардабын біздер тартып отырмыз. Малды енді қалай өсіріп, өндірмекпіз? Сырттан мүлдем байланыс үзіліп қалды. Олар жайылған мал пойызға кедергі келтіреді дейді. Бәірақ, осы күнге дейін бірде-бір мал отарбаның астына түсіп, апат болған емес.
Көлік қозғалысының үзілуіне байланысты елдің шығысында мал өсіріп отырған шаруалардың барлығы дерлік шаш етектен шығынға батқан.
Игорь Щацкий, ШҚО бойынша Кәсіпкерлер Палатасының жетекшісі:
-Бұл барып тұрған нағыз бассыздық! «Қазақстан темір жолы» кезінде ақшасын үнемдеп өткел салдырмаған. Енді келіп қарапайым шаруаларды сыртқы әлемнен шеттетіп отыр. Олар енді қалай шығады? Діттеген жерлеріне қалай жетеді?
«Қазақстан темір жолы» қойған қамалдардың салдарынан қыстақтағы оқушылар да мектепке қатынаудан қалыпты. Өйткені, ең жақын білім ошағы мен қыстақтың арасы 30 шақырым жол.