Өскеменде тоқтап қалған трамвай жұрттың ашуын туғызды

Күнделікті қала ішіндегі шойын жолмен ары-бері жүйткіп, өскемендіктерді тасымалдайтын трамвай қозғалысының тоқтағанына бүгін екінші күн. Қала тұрғындарына апат жайында хабар берілген. Бірақ көпшілігі естімепті. Сондықтан кейбір аялдамаларда трамвайды күтіп тоңып қалғандар да бар.

Валерия Иванова, Өскемен қаласының тұрғыны:

Тұрғаныма 20-30 минуттай болды. Трамвайға отырып, тез-ақ кетіп қалар едім. Ол жоқ. Автобустың да келуі қиындап кетті. Жанармайы аязда қатып қалып, келмей жатыр. Қала ішінде енді қалай қозғаламыз? Бірде-бір көлік түрі жөнді жұмыс істемейді.

Бұған себеп еліміздің шығыс өңіріндегі сақылдаған саршұнақ аяз емес, жол апаттары. Екі жерде электр бағаналары құлатылып, сымдардың бірнеше шақырымы зақымдалған. Жөндеу бригадалары -40 градуста апат салдарын жоюда. Ал трамвай паркінің шығыны қазірдің өзінде шаш етектен.

Анатолий Успенский, трамвай паркінің директоры:

- Ауа-райы жағдайына байланысты жөндеу жұмыстары қиынға соғып жатыр. Қарапайым болтты бұрасаң, сынып кетеді. Суық күні далада жұмыс істеп жатқан адамдарға да жаның ашиды. Бірақ кешке дейін жұмыстар аяқталуы тиіс.

Трамвайдан қағылған жұрт автобустарға көшкен. Бірақ шойын жолдағы көлікке үйреніп қалған көпшілікке оңай болмай тұр. Себебі ол Өскемендегі басты қоғамдық көлік болып есептеледі.

Loading...