«Трамвай» атты көлік ел бойынша енді тек екі қала – Павлодар мен Алматыда қалайын деп тұр. Өйткені бүгін-ертең Өскемендегі трамвай мүлде тоқтамақ. Бұл жағдай әсіресе жүргізушілерге ауыр тиген.
-Енді қайда барамыз? (жылайды)
Татьяна Евзрезованың трамваймен жолаушыларды тасып жүргеніне 37 жыл болыпты. Жасы елу бестен асқан жүргізуші әйел кәсіпорын жабылған күні жұмыссыз көшеде қалайын деп тұр.
Татьяна Евзрезова, трамвай жүргізушісі:
-Солай болады енді. Қиын, трамвайсыз бұл қаланы елестете алмаймын.
Трамвай паркі жабылса, Татьянадан басқа тағы 350 жұмысшы нәпәқасыз қалады. «Трамвайлар тоқтайды» дегенді естіген жергілікті жолаушылардың да үрейі ұшқан. Өйткені, онсыз да экологиясы нашар Өскеменде трамвайларды автобустар алмастырса, ауа ластана түсетіні анық.
-Басы істемейтін шығар? Қанша адам жүреді трамваймен. Ұят қой мыналары?
Тек жолаушылармен санасып отырған салықшылар жоқ. Парк иесі көптен бері мемлекет алдындағы қарызын өтей алмай, онысы 100 миллион теңгеден асқан. Енді салықшылар осы вагондарды сатқызып, қырауар қаржыны қалай болса да өндіріп алмақшы екен.
Ләззат Бибішева, Борышкерлермен күрес бөлімінің бастығы:
-Бүгінгі күнге салық төлеушінің мемлекет алдындағы салық берешегі 103 млн теңгені құрады. «Оңалту және банкрот» туралы заңнамаға сәйкес, салық төлеуші сотқа сауықтыру туралы арыз беруіне амалы бар.
Ал трамвайларды сақтап қалуды ойлаған кәсіпкер қазір табанынан таусылып демеуші іздеп жүр. Айтуынша, біраз қалталылар кәсіпорынға қаржы құюға уәде етіпті.
Анатолий Успенский, «Өскемен трамвай паркі» ЖШС директоры:
- Біз біраз инвесторлар таптық. Түрлі қорлар бізді қолдауға дайын. Тек қаржы аударайын десе, салықшылар мүмкіндік берер емес.
Қазірдің өзінде 37 вагонның тек 17-сі жолаушы тасып жүр. Осылай парк электр қуатын үнемдеуге мәжбүр екен. Ал жақын күндері бұл қоғамдық көліктер мүлде тоқтайды. Сот қарызды қалай да қайтару керек деп шешсе, трамвайлар темір-терсекке тапсырылуы мүмкін.
Loading...