Өскеменде тұрғындар қылмыскерлермен көрші болуға қарсы шықты

Жаңа көршілері туралы әңгімені естігелі бері бұл саяжайшылардан маза кеткен. Күнде жиналып, салынып жатқан қос зәулім үйге қарап кіжінеді. Мұнда түрмеден шыққандар, ВИЧ дертіне шалдыққандар қоныстандырылып, еркіндікке бейімдейді екен. Тұрғындар бұған үзілді-кесілді қарсы.

Динара Шәкітаева, Өскемен қаласының тұрғыны:

-Осы жерге нашақорларды көшірмек.  Бұл жерде балалар жүреді, адамдар тұрып жатыр. Біз қарсымыз.

Бейімдеу орталығы үшін коттедждерді шетелдік қорлардың ақшасына тұрғызып жатыр екен. Енді қаз-үйрек асырайтын шаруашылық ашпақ ойлары бар. Онда сотталғандарды жұмылдырып, еңбек арқылы тәрбеиелемек. Тек темір тордың арғы жағын көріп қайтқандардың түзеле қоятынына тұрғындар сенбейді.

Әйгерім Асылхан, Өскемен қаласының тұрғыны:

-Бізде балаларымыз бар. Біз мынандай жағдайды естігенде жағамызды ұстадық. Жұмыстан алтыдан кейін қайтамыз. Мыналардың көзін құрту керек.

Бұрын істі болғандарға жаны ашып жүрген жалғыз осы Елена Растокина. Өзі де ВИЧ дертін жұқтырған. Сондықтан тағдырластарына қол ұшын беріп, тіпті барлық жауапкершілікті мойныма аламын деп отыр.


Елена Растокина, «Answer» қоғамдық қорының төрайымы:

-Мұнда қоныстанатын адамдарды іріктеуден өткіземіз. Кез-келген сотталған адам мұнда келе бермейді. Осындай жобалармен 6 жылдан бері айналысып келемін. Сондықтан толық жауап бере аламыз.

Алайда түрмеден шыққандарды түзетеміз деген қоғамдық ұйымның құжаттарында шикілік анықталыпты. Сот құрылысты бұзып, жүз мың теңге айыппұл төлету туралы шешім де шығарған екен. Бірақ оның орындалар түрі жоқ. Керсінше саяжай тұрғындарының темір көпірін бұзып, қарсылыққа қарамастан орталыққа апаратын жол салынып жатыр. Бұған ашынған тұрғындар шенеуніктер шара қолданбаса, өзіміз біржақты етеміз деп бекініп отыр.