Өскеменде жалақы даулаған жұмысшылар айқайға басты

Құрылысшылардың осылай айлықтарын даулап жүргендеріне талай уақыт болыпты. «Құмаров и К» мекемесінің олардың әрқайсысына берешегі 300 мың теңгеден асқан. Бүгінге дейін әне-міне өтеледі деген ертегіге әбден тойдық дейді наразы топ. Оның үстіне жуырда компанияның банкрот деп жарияланғанын естіген жұрт, онсыз да бой тасалап жүрген мекеме қожайыны жер сипатып кетуі мүмкін деп қауіптенуде.

Маржангүл Байдолдина, жұмысшы:

- Өстіп келеміз, ешкім бізге жауап бермейді. Ақша жоқ, маған не істейсіңдер дейді, сотқа бере беріңдер дейді. Келеміз шулап кетеміз!

Күз келгенше құрғақ уәдеге тойып, қолдарына көк тиын тимеген құрылысшылар пәтер ақысы мен несиесін төлей алмай, қарызға белшеден батқандарын айтуда. Бұл жағдай осында еңбек етіп жүрген 400-ге жуық құрылысшының бас қайғысы. Бұл жолы да жиналғандар есепшінің жабық есігінің алдынан кері қайтты

Базыналарын айтып барған кейбір құзырлы орындардың бір-біріне сілтегені де ашынған ағайынның қитығына тиген. Екі тексеру жүргізіліп, компанияның жұмысшылар алдындағы қарызы 200 млн теңгеден асқаны белгілі болғанымен, оны қашан және қалай өндіріп беретіні белгісіз.  


Ғалия Тоқтасынова, ШҚО еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің бөлім бастығы:

- Келіп түскен арыздар бойынша тексеру мүмкін болмады. Жұмыс берушінің орнында болмауына байланысты. ЖШС-тің есепшілері қазір анықтап, қанша ақы берешек екені, сол бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

- Қаржы полициясы келеді де үнсіз кетеді, салықтағылар келеді өздері қамалып отырып алады да кетеді..

Аты аталған құрылыс компаниясы осы өңірде біраз нысанның басы-қасында тұрған бұған дейін. Ол нысандар қазір тоқырап тұр. Мәселен, мынау Глубокое аудандық ауруханасы. Биыл прокурорлар оған тексеру жүргізіп, құрылысқа бөлінген қаржының 300 млн. теңгесі қолды болып кеткенін анықтаған болатын.    

Бірнеше айдан бері бір топ жұмысшы, жалақыларын даулап талай табалдырықты тоздырғанын және одан еш амал шықпағанын айтады. Ашынған ағайын мәселе енді оңынан шешілмесе, Өскемендегі ірі орталық көшелердің бірі Тәуелсіздік даңғылын жауып тастауға бел буып отыр.