Бұл жүргізушілердің мұнда жүргеніне бесінші күн. Көлік ішінде түнеп, далада жуынады. Суық сүйектен өтсе де, жүздеген жүк көлігі көмірдің жеткізілуін күтіп, орындарынан тырп етпей тұр.
Тоқтар Байбосынов, Өскемен қаласының тұрғыны:
- Білмейміз көмір жоқ. Каждый год осындай, міне, көмір жоқ. Давка тут. Мына жігіттердің барлығы машиналарын қойып, суықта кабинада жатады. Көмір тие алмай 3-4 күннен осы жерде жатамыз. Райондарға машиналар бос кетеді.
Өскеменде көмір тарататын екі қойма бар. Екеуінің де аузы қазір кезекке лық толы. Бірінде көмір мүлде таусылса, ал екіншісінде санаулы мөлшері ғана қалған. Оның өзін тасымалдаушылар тек мемлекеттік мекемелерге үлестіріп беруде.
Отын іздеп шалғай ауылдардан да адамдар келген.
Василий Шаликов,Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны
:
- Көлік ішінде қонып жүрміз. Іші суық. Кешелі бері нәр татқаным жоқ. Енді бұл арадан қашан үйге қайтарым да белгісіз.
Осылайша, мыңдаған өскемендік қойманың алдында түнеп жүр. Қыс таяғанда көмірдің ізім-қайым жоғалуына дер кезінде жасалмаған келісім-шарт себеп болған екен. Әкімдік уақытылы тапсырыс бермегендіктен, тасымалдаушылар да қимылдай қоймаған.
Иван Тимофеев, «ВЭУС» ЖШС басшысы:
- Кезек тек қараша айында сейіледі. Басқа қолдан келер шара жоқ.
Ал күн көзі сағат санап суытып келеді. Қазірдің өзінде сынап бағанасы -3 градус. Осындай суықта далада дірдек қақса да, өскемендіктердің көмір кезегін күтуден басқа амалдары жоқ.