Ұрланған ақша «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша салынып жатқан «Шығыс» ауылындағы осы құрылысқа бөлінген. Бірақ үйлер сапасыз салынып, қыс бойы азап көрген оралмандар көктемде Өскеменге кіреберіс жолды жауып тастаған-ды. Кейін тексеру барысында әлі сылағы кеппеген 300-ге тарта үйдің жартысына жуығы жарамсыз екені анықталды. Оралмандардан жырып, 500 млн теңгені құрылыс компаниясымен қосылып қалтаға басқан осы Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы болатын. Жанэт Нұрлан сол қаржының 150 млн-ын мемлекетке қайтарыпты.
Бейбіт Сиқымбаев, ШҚО бойынша Қаржы полициясының басқарма бастығы:
- Бүгін күнде 70 үйді толық зиянын, мемлекетке келтірген зиянын және осы үйлердің тұрғындарына келтірген зиянды өндірдік. Бұл іс әлі тергеуде.
Тек қайтарылған ақшаға үйіміз қайта жөнделді деген Шығыс ауылының тұрғынын көрмедік. Мына азамат бірнеше күннен бері үйінің сыртын өзі қаптап жатыр. Өйткені былтырғыдай қыстың азабын тартқысы келмейді. Пайдаланып жатқан құрылыс материалдарын да өз ақшаларына сатып алыпты. Ал үйлерді салған фирмадағылардың кем-кетікті қайта жөндеп беретінін естігенде тіпті таң қалды.
- Бір шеге қағып, бір шүрпені бұрап беруге келген бір кісіні көргеміз жоқ. Былтыр өліп қала жаздадық қыста, үсіп-жығылып, биыл амалсыздан өзіміз жөндеп жатырмыз міне.
Бірнеше ай халықаралық іздеуде жүріп, кейін Шымкентте құрықталған Жанэт Нұрлан қазір абақтыда отыр. Қомақты қаржының орнын толтыру үшін Қаржы полицейлері одан бар дүниесін тәркілей бастаған.
Экс-шенеуніктің абақтыда отырғанынан Шығыс ауылының тұрғындарына келіп кетер ештеңе жоқ сыңайлы. Себебі, бұған дейін сапасыз салынған үйлерде тоңып шыққан жұрт биыл қыста да бүрсеңдеп қалмайық деп баспаналарын өз күштерімен жөндеуге кіріскен. Ал Жанэт Нұрланның мұндағы 70 үйді қайта жөндеп берді деген ақпаратынан жұрт мүлдем бейхабар.