102 жолаушысы бар ұшақ Алматы әуежайына кеше кешкі 18:20-да қонуы керек болатын. Әуе компаниясының басшылығы хабарлағандай, ауа райының қолайсыз жағдайы салдарынан ұшақ бағытын Шымкентке бұрған. Ұшқыштар қосымша аэродром іздеуге мәжбүр болған. Шымқалаға жолаушылар кешкі 20:00-де жеткен. Жолаушылардың бірі Саида Ноғаеваның айтуынша, 100-ден астам адам әуежайда түнеуге мәжбүр болыпты. Оларға ыстық тамақ, шай берілмеген.
«Алматыға жете бергенде ұшқыштар қонатындығымызды хабарлады. Қаланың оттарын көріп тұрдық. Ешқандай тұман болмады. Біраз уақыттан соң Шымкентке бас бұрамыз деді. Сөйтіп, кешкі 19:30-да Шымкентте отырдық. 102 жолаушының 13-і балалар. Көбі емшек жасында. «Бек эйр» өкілі келді де адамдарға ешқандай шай, сусын, ыстық тамақ берілмейтінін айтты. Түнгі 12-лерде әуежай басшылығына хабарласып жатыр, құны 12 мың теңге тұратын вип-бөлмеге балалар мен аналарын орналастырдық. Әуежайда антисанитария, сусындар қымбат, кішкене шоколадтың өзі 500 теңге тұрады», - деді Саида Ноғаева.